Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық ардагерлер кеңесінің отырысы өтті

Елбасының “Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру” мақаласын жүзеге асыруға теріскейлік ардагерлер қауымы сүбелі үлес қосып келеді. Олар Президент жариялаған маңызды құжаттағы басымдықтарды жастарға жеткізіп, патриоттық тәлім мен тәрбие беру бағытында ауқымды іс атқарып жүр. Әсіресе, “Туған жер” бағдарламасы бойынша бірталай шаруа тындырылған. Оның ішінде жергілікті тарихшылар мен өлкентанушылар облыстық және республикалық басылымдарға атақты тұлғалар жайлы мақалалар жолдапты.

Ескендір Елеусізов – СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:


– Сонымен қатар, “Асыл мұра” орталығының ардагерлері өлкемізде туылған тұлғалардың өмірін зерттеп 70-ден астам кітап шығарды. “Дәуір” баспасында Сегіз серінің 2 томдық өлеңдері басылды. Бұған қоса, біздің кеңестің жанынан “Бабалар аманаты”, “Отбасы”, “Әжелер кеңесі” сынды бірлестіктер құрылды. Олар өңіріміздегі білім ошақтарымен тығыз жұмыс істеп отыр.

Ардагерлер кеңесінің мүшелері жастармен жиі кездесіп, оларға туған жерді сүюдің маңыздылығын түсіндіреді. Ал Ақжар ауданының азаматтары Отанға деген патриоттық сезімді істеп дәлелдеп жүр екен. Олардың бірсыпырасы кіндік қаны тамған елін гүлдендіруге үлестерін қосыпты. Мұны мінберден сөз алған Ақжар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серғазы Жұмабаев айтып берді.

Серғазы Жұмабаев – Ақжар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:


– Қызыл-Ту селосының бұрыңғы тұрғыны трассадан ауылған дейінгі 10 шақырым жолға тас төседі. Осылайша елдің ықыласына ие болды.

Тағы, пленум барысында Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Сара Тасеменова қарттарға жасалып жатқан жағдайды сөз етті. Жерлесіміздің айтуынша шаһарда 43 мыңнан аса зейнеткер бар. Олардың 85 пайызы бастауыш ұйымдардың қатырына кіреді. Ал, қалғандарына қамқорлық жасалмайды екен.

Сара Тасеменова – Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы:


– Қаламыздағы 7 мың ардагер ешбір бастауыш ұйымның құрамына кірмейді. Сол себепті қарттарға қамқоршылық танытылмай жатыр. Көптеген бірлестіктерге жас мамандар келді. Олар зейнеткерлердің жағдайларына назар аудара қоймайды. Осы мәселені бір жақты ету бағытында жұмыс істеп жатырмыз.

Шара соңында, қоғамдық-саяси жиындарға белсенді түрде қатысып жүрген бірқатар ардагерге “Құрмет белгісі”, құрмет грамотасы мен дипломдар табысталды.

Байболат Култанов