Қайырымдылық

Әмір Ғабдуллинге арналған қайырымдылық концерті өтті))

Әлемді әдемілікпен қоса қайырымдылық та құтқарады. Жуырда ғана өткен қайырымдылық балында жиналған 4,6 млн теңге Әмір мен басқа екі балғынның еміне бағытталды. Әмір қазір 12 жаста, бірақ оның бойы тек 105 см-ді құрайды. Өйткені, сүйектері өте баяу өседі. Дәрігерлер қойған диагноз – ахондроплазия. Қалыпты өмір сүруі үшін Әмірге көмек ауадай қажет. Бұл қайырымдылық концертінің мақсаты – оған қолдан келгенше жәрдемдесу.

Роза Ғабдуллина – Әмірдің анасы:


– Біздің отбасымызға жәрдемдесіп, ұлымның жағдайын бей-жай қалдырмаған жандарға айтар алғысым шексіз. Әмір өте ақылды бала. Сабағын жақсы оқиды, поэзия мен рок музыканы жақсы көреді. Бауыр етім – балам қалыпты өмір сүрсе деймін. Сіздерсіз бұл тек арман болып қалар еді.

Әмірдің сүйектерін ұзартатын бір отаға шамамен 5 мың АҚШ доллары қажет. Осыдан бір апта бұрын жеткіншек пен оның анасы Харьков қаласынан оралды. Мұнда балғынның балтырындағы сүйектері 8 сантиметрге ұзартылған. Енді оны жарты жылдық реабилитация күтіп тұр. Жеткіншекке мұндай отаның әлі бірнешеуі қажет. Ал оларды жасату – қып-қызыл ақша. Ғабдуллиндер отбасына сәл болса да қаржылай көмек көрсету үшін ұйымдастырылған концертке теріскейлік өнер ұжымдары белсенді түрде қатысуда. Шарада көпке әйгілі “Ла скала”, “Черный бриллиант” секілді жергілікті топтар өнер көрсетті.

Ал игі шараны мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті ұйымдастырды. Концертке 530 билет сатылған. Оның әрқайсысының құны 500 теңге. Тағы қолы ашық жандар залдағы жәшікке не есепшотқа ақша салды. Аудандық әкімдіктер де аянып қалмаған. Мәселен, Ғабдуллиндердің шотына Аққайың ауданының әкімдігі 75, мағжанжұмабаевтықтар 100 мың теңге аударған. Жалпы шарада шамамен 816 мың теңге қаражат жиналды.

Бақытжамал Әубәкірова – қала тұрғыны:


– 500 теңге бізге түк емес. Балақайға көмектессе қуаныштымыз.

Анель Мұхамеджанова – қала тұрғыны:


– Әмірге денсаулық тілеймін, ауырмасын.

Жуырда мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті “20 игі іс” акциясын бастады. Концерт – аталмыш шара аясында өтті.

Ғалым Тұрсынбаев – Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің бас маманы:


– 20 игі істің бұл алтыншысы. Бұдан бөлек біз слғыс, еңбек ардагерлеріне көмектесіп, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қайырымдылық жасаймыз.

Мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығына арналған бастаманы агенттіктің басқа да облыстардағы департаменттері қолдаған. Акция бүгінде республикалық ауқымға ие.

 

Саят Ермек