Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Жиында барлығы 24 мәселе қаралды. Солардың алғашқысы өңір бюджетіне қатысты болды. Баяндама жасаған облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Наталья Дышкант ең алдымен 2017 жылы атқарылған шаруаны айтып берді. Кейін үстіміздегі жылғы бюджеттің нақтылануы туралы әңгіме өрбіді. Қараша айында Петропавлда өтетін өңіраралық форумға байланысты бірқатар салаларда қаржы үнемделіп, ақша маңызды шараға дайындық жұмыстарын жүргізуге бағытталмақ.

Наталья Дышкант – СҚО қаржы басқармасы басшысының орынбасары:


– Жалпы бұрын бектілген облыстық бюджеттің 908 млн теңгесі үнемделмек. Оның ішінде «Жас өркен» шағын ауданында тұрғызылатын 500 орындық қазақ театрының құрылысынан, тағы жолдарды қалыпты жағдайда ұстап, жөндеуге бөлінген ақша қысқартылады. Ал алынған сома – 655 млн теңге облыс орталығын қалыпқа келтіріп, аббаттандыруға бағытталмақ. Сондай-ақ, форум өтетін жерде тұрған нысандарды сатып алуға, үйлердің қасбетін қалыпқа келтіруге, көшені жарықтандыру мен көлік тұрағын жасауға бөлінетін болады.

Бұдан бөлек, 120 млн теңге табиғи ресустар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына беріледі. Олар тілсіз жаумен күресу үшін 6 бірлік техника алмақшы. Соманың бір бөлігі, құрылыс, архитектура және қала құрылысы ведомствасына бағытталады. Өйткені, теннис орталығының құрылысы сағызша созылып кетті. Оны аяқтап, маңайын аббаттандыру үшін 29 млн теңге үлестірілді. Тағы үнемделген 50 млн теңге қаладағы қонақ үйлерді талапқа сай ету үшін жұмсалмақ. Кеңес мүшелері бұл өзгерістерді бірауыздан қолдап отыр. Себебі маңызды шараға келетін меймандарды дұрыс қарсы алу қажет. Сондықтан мұндай қадам жасау керек-ақ. Кейін жиында тұрғындар мен бизнес субъектілерінің құқығын қорғауда қолданылатын ақпараттық жүйелер жайлы сөз қозғалды.

Айдар Мұқанов – Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнiң СҚО бойынша басқармасының бөлiм бастығы:


– Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Сондықтан бизнесмендерге тосқауыл болатын негізсіз кедергілерді жою үшін жаңа тәсілдер жасалуда. Айталық, қазір «ЕСП» және «Қамқор» жобалары жұмыс істейді. Алғашқысы заңсыз тексерістерден кәсіпкерлерді қорғауға бағытталған. Ал «Қамқорды» ұялы телефонға жүктеп алып, істе қолдануға болады. Екеуінің де мүмкіншілігі зор.

Жиында тағы қалалық әкімдік мамандарының тұрғындарға қызмет көрсетуі және сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бағытында атқарылып жатқан шаруалар сөз болды. Кеңес мүшелері мұнда жасалап жатқан қырауар жұмысты қолдап, алған беттен таймау керектігін ескертті.

Магжан Ахмадина