Бизнес және экономика

Экспортқа тауар шығарамын деген кәсіпкерлерге көмек

Бүгіндері өз тауарын елімізде ғана емес, шетелдік нарыққа шығарғысы келетін кәсіпкерлердің саны аз емес. Бірақ, олардың көбі кедергілерге тап болады. Мұндай проблемаларды шешуде бизнесмендерге «Қазақэкспорт» компаниясының мамандары көмектеседі.

Қуаныш Мұқажанов – «ЭСК KazakhExport» АҚ сақтандыру департаментінің директоры, Астана қаласы:


– Қолдау көрсетудің 13 тетігі бар. Бірақ, кәсіпкерлерді негізінен қаржылық және сақтандыру жөніндегі сұрақтар толғандырады. Айта кетейік, біздер экспорттаушыларға ғана емес, қазақстандық тауарды сатып алып жатқан шетелдіктерге де қаржылай қолдау ұсынамыз. Тағы көптеген бизнесмендер шетелде жүріп ол жақтағы әріптестерімен келісімшарт жасасқанда да қиындықтарға тап болып жатады. Мұндай проблемаларды да шешуге септесеміз.

Бүгін «Қазақэкспорт» АҚ-ның өкілдері өңірімізге келіп, солтүстікқазақстандық кәсіпкерлермен кездесу өткізуде. Жалпы компания 2003 жылы құрылған екен. Бірақ, тек өткен жылы ғана ұлттық компания атанған. Содан олардың бизнесмендерге көрсететін қызмет аясы артыпты. Бүгіндері аталмыш ұйымның көмегіне 3 теріскейлік кәсіпорын жүгініп отыр. Олар: ПАМЖЗ, «Молпродукт» және «Радуга» серіктестіктері.

Дархан Қалиев – СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры:


– Бүгінде өңіріміздің сыртқы тауар айналымы 600 млн долларға жетсе, экспорт 170 млн АҚШ валютасын құрап отыр. Негізінен, облысымыз шетелге азық-түлік өнімдері мен құрал-жабдықтарды тасымалдайды. Тауарды біздер Ресей, Ауғанстан мен Өзбекстан елдеріне жиі экспорттаймыз. Алдағы уақытта өнімін шетелге шығарамын дейтін кәсіпкерлердің саны артады деген үміттеміз. Өйткені, бизнесмендердің көбі «Қазақэкспорт» компаниясы жайлы енді біліп отыр.

Жиында кәсіпкерлер елордалық мамандарға өз сауалдарын жолдады. Олар қолдауға кімдер жүгіне алатындығын сұрастырды. Өйткені, бұл тізімге барлығы бірдей ене бермейді.

Қуаныш Мұқажанов – «ЭСК KazakhExport» АҚ сақтандыру департаментінің директоры, Астана қаласы:


– Біздер шикізатты емес, дайын өнімді экспорттау бойынша қолдау көрсетеміз. Бірақ, айта кетейік, өңделетін шикізаттар да бар. Мәселен, болат металына қатысты қаржыландыруды жүзеге асыра аламыз. Өйткені, бұл металл ең алдымен өңделеді. Жеміс-жидек пен көкөністерді жөнелтуге қолдау көрсетеміз. Олар – дайын тауар. Және бидайды емес, одан өндірілген ұн, нан-тоқаш өнімдері бойынша қаржыландыруды іске асырамыз. Компания шағын және орта бизнес суъбектілерімен де, ірі экспорттаушылармен де жұмыс істейді.

Осыған дейін «Қазақэкспорт» компаниясының мамандары Ақтөбе және Атырау облыстарында болыпты. Ал, ертеңгі күні көкшетаулық кәсіпкерлермен кездесуді жоспарлап отыр.

Магжан Ахмадина