Спорт

Балғын футболистер халықаралық додада 2-ші орынға қол жеткізді

Жас футболшылар Омбы қаласында ұйымдастырылған халықаралық турнирде бірнеше кездесу өткізіп, барлық қарсыластарын айқын басымдықпен ұтқан. Тек ақтық кезеңде ғана жолдары болмай қалып, 2 де 1 есебімен ұтылды. Десе де, бұл мұңаюға себеп емес дейді футбол мектебінің директоры Евгений Кущ. Өйткені, балғындар болашағынан зор үміт күттіреді.

Евгений Кущ – “Юниор” футбол мектебінің директоры:


– Байрақты бәсеке Ресейдің 13 қаласы мен еліміздің Өскемен, Астана, Петропавл қалаларынан жиналған 500 балғынның басын қосты. Өкінішке қарай, соңғы кездесуде біздің шәкірттеріміз ресейлік командадан ұтылып қалды. Дегенмен, теріскейлік балалардың көрсеткен өнеріне футбол мектебінің бапкерлері дән риза.

1 жыл бұрын құрылған “Юниор” футбол мектебінде қазіргі күні 8 команда жасақталған. Футбол десе ішкен асын жерге қоюға даяр жеткіншектердің бірі – Айсұлтан Қайырбеков. 5 жасар балғынды бұл спорт түріне әкесі ертіп әкеліпті. “Айсұлтанның аяқалысы жаман емес”, – дейді бапкерлері.

Айсұлтан Қайырбеков – “Юниор” футбол мектебінің тәрбиеленушісі:


– Мені футболға әкем алып келді. Біз жақында Омбыға бардық. Онда басқа командалармен кездесу өткіздік.

Енді футболқұмар балғындар алдағы республикалық чемпионатқа қатысады. Қазірден бастап дайындықтарын пысықтауда. Үздік шыққан құрамаға Түркияның тәжірибелі бапкерлері сабақ бермек.

Бахыт Садвокасов