Балалар

Халықаралық КТК ойындары өтті

КВН ойыны бүгін 12 команданың басын біріктірді. Көңілділер мен тапқырлар бұл кеште әзілдерден бөлек, сахна төрінен ән мен би төгіп, сөйлеу мәнерi, ой ұшқырлығы, мимика сияқты түрлі өнерлерін де көрсетуі тиіс.

Евгений Пеньков – Облыстық КТК лигасының жетекшісі:


–  Бұл фестиваль жыл сайын ұйымдастырылып, міне, биыл 12-ші рет өтуде. Бүгінгі КВН ойынына қалалық – 3 команда, аудандардан да 3 құрама қатысып жатыр. Ресейден тағы 3 құрама келсе, өзгелері Астаналық және Көкшенің әзілкештері.

Бүгінгі кешке алыстан ат терлетіп келген құрамалардың бірі – Пермь қаласының “Столица” командасы. Олар көрермендер тез қабылдайтын жеңіл әзілдер алып келіпті. СҚО әкімінің кубогы сарапқа салынатын халықаралық фестивальге ресейлік қонақтар осымен 3-ші жыл қатысуда. Теріскейліктердің мықты бәсекесіне қарамастан додада жеңімпаз атанамыз дейді әзілкештер.

Алексей Исаков – “Столица” командасының қатысушысы, Пермь қаласы:


–  Бүгінгі ойындарға біздің команда 6 адаммен келді. Олардың ішінде 2-уі жоғары лиганың ойыншылары. Әзілдеріміз негізінен Қазақстан жайлы. Мысалы: РФ Президенті Путиннің келуі жайлы және Петропавлда болған дауыл туралы әзілдейміз.

Қонақтарға жергілікті “7 UP” құрамасы мықты бәсекелес бола алды.

Аян Зариф – «7 UP» құрамасының қатысушысы, Петропавл қаласы:

–  Өзім жайдарман ойындарына мектеп кезінен қатысамын. Кейін, университетке түскен соң, КВН ойнауды жалғастырдым. Әзілкештер сайысы арқылы көптеген адамдармен танысып, достарым көбейді. Жақында, Алматы қаласында өткен Премьер лигаға біздің құрама да қатысып келді.

Қызылжар сахнасында өнер көрсету үшін Омбылық
«Мамины баурсаки» командасының жайдарманшылары да келген. Олар да жергілікті көременнің езу жиюына мүмкіндік бермеді.

Мамлюттік қыздардан құралған ең жас «Карусель» командасының ойыншылар да бұл кеште көрермендердің езуіне күлкі ұялата алды. Осылайша, олар бұл сайыста әділ қазылардың жоғары ұпайларына ие болып, бас жүлде – СҚО әкімнің кубогын қанжығаларына байлады. Бірінші орынды Омбыдан келген “АСАР” иеленсе, ал Пермь қаласының “Столица” құрамасы екінші орынға қол жеткізді. Үздік үштікті жергілікті “7UP” командасы қорытындылады.

Альмира Жетпісбай