Білім

Тұрғындарды компьютерлік сауаттылыққа үйрету

Бүгіндері көпшілік қарапайым ғана мекен-жай анықтамасын алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіреді. Алайда осы және өзге де құжаттарды үйден шықпай-ақ, интернетке қосылған компьютердің көмегімен алуға болады. Бұдан бөлек, онлайн сауда жасап, электронды қызметтерді пайдалану да дәл осылайша оп-оңай жасалады. Әрине жастар жағы, заманауи технология тілін жетік меңгерген. Ал аға буын өкілдері үшін бұл қиынға соғуы мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта оларды оқыту жұмыстары жүргізілмек.

Асхат Мұхамедғалиев – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу бөлімінің маманы:

 


–  Бүгіндері «егов» сайтына кез-келген адам электронды сандық қолтаңба арқылы кіріп, қажетті ақпаратты ала алады. Нормативтік-құқықтық актілерді қарап, оларға қатысты өз пікірін білдіре алады. Бұл өз кезегінде ашықтықты, қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Тағы халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары мен казпочта өкілдері тұрғындарға онлайн саудажүргізу, электронды қызметтер алу тәртібін көрсетіп, жалпы компьютер тілін меңгеруге көмектеседі.

Әзірге курстарды 26 азамат тыңдауда. Олар – мемлекеттік қызметшілер мен информатика пәнінің мұғалімдері. Кейін курсқа қатысушылар жер-жердегі тұрғындарды оқыта алады.

Ержан Мәженов – Мамлют ауданы әкімі аппаратының бас маманы:


–  Осы жерден алған білімімді жұмысымда қолданып, мамлюттіктерге жеткізбекпін. Тұрғындар үшін курстар 1 маусымнан басталады. 3 айдың ішінде оларға көптеген қызықты мағлұмат берілмек. Олар аудан орталығына келмей-ақ, үйлерінде отырып мемлекеттік қызметті ала алады.

Жалпы мұндай тегін курстармен облысымыздың 20 мың тұрғыны қамтылмақ. Олардың 7,5 мыңы – петропавлдықтар. Оқудан өтемін дегендер әкімдіктерге барып, өтініш беруі керек.

Магжан Ахмадина