Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстікте IT-мамандары даярланатын болады

–  Қазіргі таңда облысымыз бойынша 15 мың адам екі қолға бір күрек таба алмай жүр. Олардың 2 мыңы бүгінде жұмыспен қамту орталықтарына есепке тұрған. Басым бөлігі Петропавл қаласының тұрғындары. Бұл санаттағы азаматтардың санын азайту мақсатында елімізде түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Осындай жобалардың бірі Қазақстандықтардың сандық сауаттылығын арттыруға бағытталған.

Осы мақсатта облысымыздың әр ауданы мен Петропавл қаласында IT-сыныптары мен орталықтары ашылады. Оларда жаһандық жаңашылдықтардың қыр-сырын меңгеретін білікті теріскейліктер дайындалмақ. Мұндай жоба Нұр Отан партиясының жергілікті филиалы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен Есіл дамыту орталығы арасында қабылданған меморандум негізінде жүзеге аспақ. Заманауи білім ошақтарында бір жылдың ішінде 100 солтүстікқазақстандықты оқыту жоспарланып отыр.

Артур Молдағұлов – “Нұр Отан” партиясының СҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары:


–  Жоба қатысушылары өңірімізде аса қажетті әрі тапшы мамандықтарды меңгермек. Оның аясында заманауи бағдарламалау тілі үйретіледі. Курс аяқталған соң, бір жыл көлемінде азаматтарға қолдау көрсетіп, оларды жұмысқа орналастырамыз. Осылайша, өңірдегі білікті мамандардың саны артпақ. Жалпы, IT-мамандарын даярлау және оқыту қызметтерін «Есіл» аймақтық дамыту орталығы ұсынып отыр.

Бұл орталықтар Нұр Отан партиясының сандық технологияларды меңгеруге бағытталған 3 негізгі жобасы аясында жүзеге аспақ. Осылайша, биылғы күзде арнайы орталықтың алғашқысы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де ашылады. Бұған қоса, қазір IT-бағытта жұмыс істейтін оқушылар сарайының құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта мұнда да еңбекпен қамтылмаған облыс тұрғындары оқытудан өтпек.

Артур Молдағұлов – “Нұр Отан” партиясының СҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары:


–  Әрбір аудан орталығындағы мектептердің қабырғасында IT-сыныптары жұмыс істейтін болады. Кабинеттер 11 компьютермен қамтылмақ. Осылайша, бір жыл көлемінде 1200 оқушы білім алатын болады. Бұл – балалар арасында IT саласына деген қызығушылықты арттыруға септеседі деген ойдамыз.

2018-2020 жылдардың аралығында Қазақстан бойынша 20 ІТ орталық ашылады деп жоспарланған. Нәтижесінде, жұмыссыз жүрген 100 мыңнан астам отандасымыз жаңа мамандық иесі атанбақ.

Эльмира Садвокасова