Қоғам

Қазпошта мекемесі ұтыс ойынын өткізді

“Казпошта” АҚ өкілдері қала тұрғындарын кіре берістен қарсы алуда. Ал олар өз кезегінде ұтысқа қатысатын нөмірлерін көрсетіп, орындарына жайғасып жатыр. Бұл ұтыс Қазпоштаның 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.

Бекжігіт Бекбердиев -“Қазпошта” АҚ СҚОФ директоры:

– Біздің негізгі тұтынушыларымыз – зейнеткерлер. Осыған орай олардың арасында ерекше іс-шара өткізуді жөн көрдік. Бүгін 8 сертификат ұтысқа түсіп жатыр. Олардың біреуі – 100 және 200 мың, қалған алтауы – 50 мыңның сертификаты.

Бүгін бағын сынауға келгендердің арасында Анна Придаткина да бар. Ол сәуірдің 5-і, яғни, Қазпоштаның мерейтойы күнінде кеңсеге 25-ші болып келген екен. 70-ке жеткен нәзік жанды 40 жылдан астам Петропавл ауыр машина жасау зауытында еңбектеніпті. Құрмет демалысқа шыққан 12 жыл бойы ол зейнетақысын Казпоштадан алып келеді.

Анна Придаткина – қала тұрғыны:

– Бүгін маған Қазпоштадан хабарласып, осындай шара өткізілетінін айтты. Жұбайым екеуіміз 2 нөмір алдық. Ұтыс ойында жолымыз болады деп үміттенеміз. Барлығына сәттілік тілеймін.

Әрбір клиенттің жеке номірі компьютерге енгізілген. Сыйлық иегерін таңдау үшін арнайы бағдарлама қолданылады. Жалпы ұтыс ойыны өңірдегі 45 мың зейнеткер мен жәрдемақы алушының арасында өткізіліп жатыр. Міне, 200 мың теңгенің сертификатына ие болған жеңімпаз анықталды. Сыйлық Қызылжар ауданының тұрғыны Людмила Щербичке табысталмақ. Ал Рауза Айгужина 50 мың теңгенің сертификатын ұтып алды.

Рауза Айгужина – қала тұрғыны:

– 50 мыңның сертификатын алғаныма өте қуаныштымын. Енді технодомнан өзіме керек-жарағымды аламын.

Сондай-ақ, залдағы қатысушылар арасында Альфа-банк пен Хоум кредит банктің атынан 16 сыйлық ойнатылды.

Алтын Саурбаева – қала тұрғыны:

– Ұтысқа ие болғаныма ризамын. Бұл туралы таныстарымнан естіп білдім. “Қазпошта” жәрдемақы мен зейнетақыны уақытымен беріп тұрады.

Айта кеткен жөн, аталмыш шара қазанға дейін әр айдың соңғы сенбісінде өткізілмек.

Молдир Макишева