Мәдениет

Поляктар аналар күнін атап өтті

Бұл күні балғын поляктар аналарына арнап сахналық қойылым әзірлеп, ән айтып, мың бұрала би биледі. Бір сөзбен айтқанда аналарына деген ыстық сезімдерін жеткізді. Анасына ерекше сыйлық әзірлегендердің бірі – Ксения Блаженец.

Ксения Блаженец:


– Барлық аналарды мерекемен құттықтаймын. Бүгінгі шарада құрбылар туралы әнді орындадым. Себебі бұл шығарма өте көңілді әрі достықты жырлайды.

Польшада аналар мерекесі алғаш рет 1914 жылы мамырдың 26-ында аталып өтілген екен. Содан бері бұл мейрам дәстүрге айналған. Ал өңірдегі поляктар осындай іс-шараны бірінші рет өткізуде. Дегенмен, мерекеге қатысуға ниет білдіргендердің қатары қалың.

Валентина Корнева – “Коперник” облыстық поляк мәдени орталығы жетекшісінің орынбасары:


– Бұл мереке барлық әйел затының құрметіне орайластырылған. Сол себепті біз де аналар күнін атап өтуді жөн көрдік. Бүгінгі шараға қаламыздың бүлдіршіндері мен облысымыздың аудандарынан арнайы келген жеткіншектер қатысуда.

Мына жерде бүлдіршіндер аналарына арнап, “Пончик для Мамочки” сахналық қойылымын ұсынуда. Тоқашты жасап шығаруға қажетті азық-түлік түрлерін кішкентай актерлер сомдап шықты.

Сондай-ақ, балалардың аналарына арнап салған суреттері де көрмеге қойылыпты. Бұл жерде көрермен 24 жеткіншектің жұмысын тамашалай алды.

Дана Ешкенова