Спорт

Петропавлда кезекті таңғы жаттығу өтті

Мына жерде «Сенің жаңа қырың» челленджіне қызу дайындық жүріп жатыр. Аталмыш шараға қатысуға спортшылар мен студенттер көптеп жиналған. Елбасының бастамасына қолдау көрсетуге келгендердің арасында ел мерейін асқақтатып жүрген боксшы Жанат Жақиянов, халықаралық Канн кинофестивалінің үздік актрисасы Самал Еслямова, Азия чемпионатының жүлдегері Ирина Эктова және өзге де дарынды жерлестеріміз бар.

Руслан Есеналин — СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:


– Елбасының осындай бастамасын қолдай отырып, жерлестерімді спортпен айналысуға шақырамын. Бүгінгі «Сенің жаңа қырың» челленджіне мыңнан астам теріскейлік қатысуда. Өңіріміз әрдайым спортта үздік көрсеткіштерге қол жеткізеді. Ендігі кезекте аталмыш акция дәстүрге айналмақ. Біздің спорттық алаңдарда апта сайын осы челленджді қолдау аясындағы жаттығулар өткізіліп тұрады.

Астана қаласында бастау алған шараға болса, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, онлайн трансляция арқылы барша қауымды Елбасының бастамасын қолдап, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы -ҚР Мәдениет және спорт министрі:


– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Сенің жаңа қырың» атты ауқымды акциясын ұсынған болатын. Онда Елбасы қазақстандықтарды спортпен шұғылдануға шақырған. Біз 2020 жылға дейін қазақстандықтардың 30% спортқа тарту керекпіз.

Елордамен өткен спорттық телекөпірден соң алаңға жиналған жастар арнайы музыканың сүйемелдеуімен кешенді жаттығулар жасап, флэшмоб ұйымдастырды.

Еліміздің барлық өңірлерін қамтыған мұндай акцияға 1 миллионнан астам қазақстандық қолдау көрсетті.

 

Дана Ешкенова