Мәдениет

Облыстық орыс драма театры 131-маусымын аяқтады

– Н.Погодин атындағы орыс драма-театрының 131-ші маусымы “Тетки в законе” атты спектакілімен қорытындыланбақ. Бұл қойылымның авторы – Ресей драматургі Александр Коровкин. Айта кеткен жөн, аталмыш туынды көрші елдің 10 үздік спектакльдер тізіміне енген.

Қойылым басталмас бұрын осы маусымда жемісті еңбек еткен бірқатар театр қызметкерлері қошеметке бөленіп, түрлі марапаттарға ие болды. Кейін, барлығы асыға күткен спектакль де басталып кетті.
Қойылым орта жастағы апалы-сіңлілі Роза мен Грета 3 бөлмелі үйіндегі көріністен басталды. Олар Роберт атты жиендерінің келгенін күтіп жүр. Бұл уақытта алаңсыз өмір сүріп жатқан нәзік жандылардың үйіне біресе ұры түссе, біресе шенеуніктер келіп мазаларын алады.

Мұның себебі, олар тұрып жатқан үй қаланың дәл ортасында орналасқан. Сондықтан, шенуніктер Роза мен Гретаны алдап, баспаналарын тартып алмақшы. Қарызға батқан Роберт те осы үйді сатып жіберіп, ақша қылмақ ойы бар. Алайда, олардың арам пиғылдары жүзеге аспай қалды.

Пьеса комедия жанрында жазылған. Спектакльде Розаның рөлін ҚР халық әртісі Людмила Ванюкова, ал Греттаның рөлін ҚР еңбек сіңірген әртісі Надежда Косыгина сомдап шықты. Театр труппасы аталмыш қойылымға 3 ай көлемінде дайындалған екен.

Тимур Кәрімжанов – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының режиссері:

– Бұл қойылымға 9 адам жұмылдырылған. Араларында тәжірибелі актерлер де жастар да бар. Спектакльде өзім қосқан сәттер де бар. Мысалы, фильмдердегі қорқынышты персонаждар өте әсерлі көрінеді. Сондықтан, көрермендердің ойынан шығады деп үміттенемін.

Театр қызметкерлері қазірдің өзінде келесі маусымда тұсауы кесілетін “Поменальная молитва” қойылымын дайындап жатыр. Аталмыш туынды қараша айында өтетін Қазақстан мен Ресейдің дәстүрлі өңіраралық әріптестік форумына орай көрсетілетін болады.

Елена Покрас – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Осы маусымның шымылдығын “Ночь перед рождеством” спектакілімен ашқан едік. Кейін, көрермендерімізді “Взятка по-неополитанский, “Жених поневоле”, “Щелкунчик” сияқты қойылымдармен қуанттық. Сонымен қатар, жуырда бірінші рет “Театрдағы түн” акциясын өткіздік. Бұл жоба өнер сүйер қауымның көңілінен шықты.

Спектакльге келген көрермендердің ықыласында шек болмады. Сахнада өнер көрсеткен актерлер өзгеше шабытпен ойнап шықты дейді олар.

– Тамаша спектакль. Грета мен Розаны сомдаған актрисалардың ойынына көңілім толды. Барлығы жоғары деңгейде өтті.

– Қойылым өте жеңіл қабылданады. Сюжеті де қызықты. Енді келесі маусымды асыға күтеміз.

– Бұл басқаларынан ерекше қойылым деп ойлаймын. Себебі, комедия жанрындағы спектакльдер мұнда сирек қойылады. Әсіресе, режиссердің жұмысын атап өткім келеді.

Ал жазғы маусымда театр труппасы осы және тағы 2 спектакльмен Көкшетау, Астана және Қарағанды қалаларына гастрольге аттанбақ.

Молдир Макишева