Білім

Өңір мектептерінде соңғы қоңырау салтанаты өтті

– Бүгін Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияны 35 түлек тамамдайды. Олар осыдан тура 11 жыл бұрын білім ошағының табалдырығын аттаған болатын. Енді, міне тарыдай болып кірген шәкірттер, таудай болып шыққалы отыр. Мектеппен қош айтысып, үлкен өмірге аяқ басатын ұл-қыздар үшін соңғы қоңырау сәлден соң соғылады.

Мына ұл-қыздар үшін мектеппен қош айтысатын күн келіп жетті. Олар өздері тәлім алып, оң мен солын таныған қара шаңырақтан қанат қаққалы отыр. Арттарында талай жыл білім нәрімен сусындатқан ұстаздары, ізбасар іні-қарындастары қалып барады. Осыдан болар жалынды жастардың жүзінен қимастық сезімді байқалады. Бұл әрине түсінікті де. Шара барысында түлектерді соңғы қоңыраумен облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтап, елімізде өскелең ұрпаққа жасалып жатқан жағдайларды тілге тиек етті.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:


–  Биыл қосымша 20 мың грант бөлінеді. Бұл білім саласын дамытуға серпін береді.

Гимназияны аяқтайтын түлектердің бірі – Аяжан Баженова. Ол “Алтын белгіден” үміткер. Бойжеткен оқу ошағының табалдырығын осыдан 11 жыл бұрын тұлымы желбіреп, жүрегі лүпілдеп аттапты. Содан бастап оқуында озат болған. Енді, бойға сіңірген білімінің арқасында алдағы сынақтарда ата-анасы мен ұстаздарының сенімін ақтайтындығына сенімді. Ал, сыныптастарын сағынатындығын айтады.

Аяжан Баженова – түлек, “Алтын белгі” үміткері:


–  Енді, сыныптастарыммен жиі кездесе алмаймыз. Бірге сабаққа бармаймыз.

Мерекелік шара барысында ән айтылып, би биленді.

Ал, білім ошағының 1-ші сыныбын тамамдаған жеткіншектер аға-әпкелеріне арнап жыр жолдарын оқыды. Енді міне, ең маңызды сәтте те келіп жетті. Түлектер, сондай-ақ өзге сыныптардың оқушылары үшін биылғы жылдағы соңғы қоңырау соғылды.


Бұдан соң, салтанатты жиында түлектер мектеппен қоштасу вальсін биледі.

Ұл-қыздарының мектеппен қоштасу кешіне келген ата-аналар бауыр еті балаларына өздерінің ақжарма тілектерін білдіріп жатыр.

–  Түлектерге сәттілік тілеймін. Жолдары ақ болсын.


–  Қызым мектеп бітіріп соған келіп отырмын. Барлық мектеп тәмамдаушы жастар ҰБТ жақсы ұпай жинасын.

Шараға қатысқан соң құрметті қонақтар гимназияның қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты. Алдымен меймандар мұражайда болып, құнды жәдігерлер және мектептің тарихынан хабардар болды. Бұл жерде оқушылар өздерінің ғылыми жобалары жайлы да айтып берді. Меруерт Әшімова дайындаған еңбек қала тұрғындарын таза ауыз сумен қамтуды көздейді. Ол үшін жерлесіміз тіршілік көзін азондаудан өткізуді ұсында.

Меруерт Әшімова – Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы:


–  Азон – суды 100 пайыз тазартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде тұрғындарға ауыз су жететін болады.

Тағы, қонақтар түлектермен өткен “Смарт сити” атты сабаққа қатысты. Онда жастар жиналғандарға қаламызды гүлдендіру жобаларын ұсынды. Білім ұясында “Смарт мектеп” жобасы аясында да біраз іс атқарылыпты. Соның бірі кітапхана электронды жүйе бойынша жұмыс істей бастаған. Оқушы осы жерден кітап алса, не болмаса әкелсе соның бәрі автоматты түрде базаға алынады. Нысанның кіре берісіне турникеттер қойылған. Кітапханаға оқу ошағының шәкірттері мен қызметкерлері арнайы карточка арқылы өтеді.

Күлтай Мұқанова – Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның директоры:


–  Келушілер карточканы кіргенде және шыққанда қолданады. Сол ақпарат оқушының ата-анасына түсіп отырады
.

Айта кетейік, мұндай технологиялар әзірге өңіріміздегі Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда ғана іске жаратылуда.

Байболат Култанов