Құқық қорғау органдары

Интернет алаяқтарынан сақ болыңыз

Жазғытұрым келісімен велосипедттерге сұраныстың артатыны белгілі. Осындайда интернет арқылы жалған хабарламалар таратып, қалтасын қалыңдатып алуды ойлайтын пысықайлар да көбейеді. Мысалы, жақында петропавлдық жасөспірім көкшетаулық нәзік жандыға алданып қалған.
OLX бірыңғай сервисінде өзіне ұнаған велосипедті көрген жерлесіміз еш ойланбастан саудасымақтың шотына 97 мың теңгені аударып жіберген.

Виталий Подчернин – СҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкіл:


– Өзін веб-дүкеннің өкілімін деп таныстырған көкшетаулық келіншек ақшаны алғаннан кейін қоңырауларға жауап бермеген. Келесі осындай бір оқиға Уәлиханов ауданында қайталанды. Аталған ауданның тұрғыны инстаграм желісінде балалар киім-кешегіне қызығып, Астана тұрғынының Qiwi-әмиәніне 56 мың теңге аударған. Келесі күні әлгі саудагер клиенттің қоңырауларына жауап бермей қойыпты. Міне, осындай мысалдар өңірімізде аз емес.

Осы сияқты интернет алаяқтардың жолын кесу мақсатында «Контрафакт» жедел алдын-алу операциясы өтті. Тәртіп сақшыларының айтуынша, заңбұзушылыққа көбінесе интернет саудасын бүге-шүгесіне дейін зерттеп алатындар барады. Сондықтан, тұрғындарға сақ болуды ескертеді.

Виталий Подчернин – СҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкіл:


– Интернеттегі күмән тудыратын жарнамалар бойынша хабарласпаған абзал. Бейтаныс тұлғалардың есепшотына да алдын-ала ақша аударуға болмайды. Бөтен адамдарға банк карталарының нөмірін, құпия сандарды, ұялы телефонға жіберілген паролдерді айтпаңыз. Интернет алаяқтарының құрығына түсіп қалсаңыз, дереу “102” желісіне қоңырау шалу қажет.

Тәжірибе көрсеткендей, интернет алаяқтары көп жағдайда өзге облыстың тұрғындарын алдап кетеді. Дегенмен, техниканың дамыған заманында заңбұзушылардың тұрғылықты жерін анықтау айтарлықтай қиындық туғызбайды. Жалпы «Контрафакт» жедел алдын алу операциясы барысында өңір полицейлері 9 интернет қылмысын әшкереледі. Қазір күдіктілерден түсініктеме алынып жатыр. Олардың күнәсі дәлелденсе, айыптылар 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Берік Қасен