Қоғам

Бүгін әрбір мектеп бітіруші түлек үшін маңызды күн

Мына ұл-қыздардың жүздері қуаныштан бал-бұл жайнап тұр. Олар үшін балғын балалық шақ пен мектеп қабырғасындағы алаңсыз күндер аяқталып, өмірдің жаңа белесі ашылды. Енді түлектер білім нәрімен сусындаған алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам баспақ.

– Бүгін алтын ұямыздан ұшқалы тұрмыз. 5 жыл қалай өтіп кеткенін сезбей қалдық.

– Ерекше толқып тұрмын. Себебі, бұл соңғы қоңырауымыз.

Соңғы қоңырау мерекесі тек оқушылар мен ұстаздарға ғана емес, ата-аналар үшін де ерекше қобалжулы сәт. Шалпенеевтер отбасы бүгін тұңғыш қыздары Камиланың қуанышын бөлісуге келіп отыр.

Алия Шалпенеева – ата-ана:

– Бүгін біз үшін маңызды күн. Қызымыз Камила мектебімен қоштасып жатыр. Енді алдағы сындардан сүрінбей өтіп, өзі қалаған оқу орнына түссе екен. Барлық түлектерге сәт-сапар тілеймін.

“Білім – инновация” лицей-интернаты облысымыздағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі. Аталмыш білім ұясының шәкірттері оқуды да, өнерді де, спортты да қатар алып, үнемі үздік көрстекіштерге қол жеткізеді. Шара барысында мектеп директоры сабақтарында озат оқушылар мен мен қоғамдық өмірге белсене араласатын ұл-қыздарды марапаттап, ізгі тілектерін білдірді. Осыдан 12 жыл бұрын ашылған білім ұясы биыл түлектердің 7-ші легін қанат қақтыруда.

Руслан Сихимбеков – облыстық дарынды балаларға мамандандырылған “Білім-Инновация” лицей-интернатының директоры:

– Биыл аталмыш білім ұясын 46 түлек тамамдап жатыр. Жалпы алтын белгіге 7, үздік аттестацияға 8 үміткер бар. Түлектердің барлығы өмірде өз орнын табады деген ойдамын.

Түлектердің баршасы ұлттық бірыңғай тестілеуді жақсы тапсырып, таңдаған оқу орындарына түсуді мақсат етіп отыр.

Молдир Макишева