Ауыл шаруашылығы

Бөдене шаруашылығы дамуда

Бұл – қораға бөгде жандардың келгенін сезіп, дыбыс шығарып жатқан бөденелер. Олар тіпті камераның жарығын да жақтырмайды. Тыныштыққа үйренген бұл құстарды күтіп-баптауды Дмитриевтер әулеті 3 жыл бұрын бастапты. Сол кезде ағайынды 3 жігіт банктен несие алып, қаржыға инкубатор сатып алған. Ал 2016 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысып грант ұтып алады.

Евгений Дмитриев – «Дмитриев» ЖК жетекшісі, Тайынша ауданы:


–  Қайтарымсыз 3 млн теңге грант ұтып алдық. Арнайы комиссия біздің жобамызды мақұлдады. Қаржыға біз осы нысанды тұрғызып, қажетті инфрақұрылымды тарттық. Құстар тұратын орын жасалды. Бүгіндері 2000 бас бөдене бар. Ағам бізден бөлек, тағы осындай баз ұстайды. Онда да нақ осынша құс бар.

Күніне мұндағылар 1 мыңнан астам жұмыртқа алады. Оның барлығын аптасына бір рет Көкшетау қаласына апарып өткізеді. Тағы құс етін де сол жаққа жөнелтеді. Бүгіндері өнімді өткізетін арнайы 18 сауда нүктесі бар екен. Жұмыртқаның бір данасы – 15, ал еттің бір келісі – 2 мың теңгенің маңайында.

Евгений Дмитриев – «Дмитриев» ЖК жетекшісі, Тайынша ауданы:


–  Бізде құстың екі түрі бар. Ол етті бағыттағы техас және жапондық бөденелер. Бұл құстардың еті де, жұмыртқасы да денсаулыққа пайдалы. Асқазан ауруларының көбін емдеу үшін адамдар бөденелердің жұмыртқасын ішіп жазады. Имунитетті арттырып, жүрек ауруларының алдын алуға жақсы. Ал қант диабетімен ауыратындар, не отадан кейін тезірек сауығып кеткісі келетіндер бөдененің етін жейді.

Сұраныс жоғары. Сондықтан кәсіпкер құстардың санын арттыруды көздеп отыр. Отбасылық бизнес болғандықтан шаруашылыққа барлығы араласады.

Андрей Дмитриев – «Дмитриев» ЖК технологы, Тайынша ауданы:


–  Құстарды күніне 3 рет тамақтандырамыз. Бөденелер үшін режимді сақтау өте маңызды. Жарық, жылу барлығы нормада болуы тиіс. Және ең бастысы тазалық талап етіледі. Күнде астын тазартып отырамыз. Әйтпесе, жұмыртқалары кіші болады немесе құстар өспей қалады. Тағы сапалы азық керек. Біздер «Виамин» деп аталатын көкшетаулық жем-азықты аламыз. Одан өзгесін берсек, өнім сапасы бірден төмендейді. Жем-азыққа ай сайын 700 мың теңге қаржы жұмсалады
.

Ал мынау – кішкентай балапандарға арналған орын. Мұнда қазір 700 бас бар. Олардың шыққанына бар-жоғы бір апта болған. Балапандар арнайы темпаратуралық режим, яғни +35 градуста бапталады. Кейін, құс жетілген сайын, температура азайтылып отырады.

Мағжан Ахмадина