Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл 903 петропавлдық түлек алтын ұя мектебімен қош айтысты

Міне, тағы бір оқу жылы аяқталды. Дәл қазір 11 жыл бойы терең білімді өз бойларына өре білген еліміздің ертеңгі тізгінін қолға алар мектеп түлектері жауапты өмірге қадам басқалы тұр.

Биыл Ғ.Мүсірепов атындағы 43 орта мектеп 17 оқушыны қанат қақтыруда. Түлектердің қуанышына ортақтасуға ата-аналар келген.

Сәуле Мұхаметжанова – мектеп бітіруші түлектің ата-анасы:


– Бұл мектепті менің қызым Малика тәмамдауда. Қазіргі сәтте толқыныста тұрмын. Мен ұстаздарды, ата-аналарды осынау меркемен құттықтаймын. Балалары үлкен өмірде жолдарын тауып, үлкен азамат болсын деп тілеймін!

Шаһар басшысы Марат Тасмағанбетов те мектеп бітірушілерді атаулы күнмен құттықтап, алда тұрған маңызды сынақты ойдағыдай тапсыруда сәттілік тіледі.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:


– Еліміздің мектерінде өскелең ұрпаққа сапалы білім берілуде. Сіздер оны ел игілігіне жұмсауға тырысыңыздар.

Бұл күні ұстаздар мен мектеп әкімшілігі де түлектерін қимастықпен шығарып салуда. Үлкен өмірге қадам басқан қыз-жігіттер болса, ұстаздарына қоштасу вальсін арнады.

Мектепке тарыдай болып кіріп, таудай болып шығып жатқан түлектердің бірі – Малика Мұхаметжанова. Түлек мектеп қабырғасында алған білімімді үлкен сынақ ҰБТ дәлелдеп, ұстаздарымның үмітін ақтасам дейді.

Малика Мұхаметжанова – Ғ.Мүсірепов атындағы орта мектептің түлегі:


– 11 жыл бойы білім нәрімен сусындырған ұстаздар қауымына алғысым шексіз. Қимастықпен қоштасқалы жатырмыз. Мен осы мектеп қабырғасынан сапалы білім алдым. Өз-өзімді жетілдіруді одан әрі жалғастырамын. Болашағымды қаржыгер мамандығымен байланыстырғым келеді.

Осынау сәтте түлектердің жүректері лүпіл қағып, бойларында қимастық пен қуаныш, аңсау мен арман сезімдері араласып тұр. Міне, көптен күткен сыңғырлаған қоңырау үні де естілетін сәт жетті.

Осылайша, 2018 жылы барлығы 903 петроапвлдық түлек алтын ұя мектебімен қош айтысты.

Берік Қасен