Балалар

Халықаралық КВН фестивалі өтеді

“КВН” ойыны облысымызда 2006 жылдан бастап өткізілуде. Содан бері көңілділер мен тапқырлардың сайысына 80-ге жуық команда қатысыпты. Уақыт өткен сайын әзіл додасында бақ сынайтын құрамалардың саны көбейіп келеді. Бұл әрине, қуантарлық жайт. Жалпы, қазір өңіріміздегі “КВН” ойындарын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, биыл республикалық бюджеттен 2 млн 600 мың теңге беріліпті.

Гүлдана Рысбаева – СҚО жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқармасы бөлімінің басшысы:

– Өткен жылға қарағанда биыл “КВН” ойынына бөлінетін қаржы көлемі 10 пайызға артты. Осының арқасында сәуір айында “Жас жайдарманшылар” клубы ашылды. Бұл орталықта жастар өздерінің шығармашылықтарын шыңдап, ойларымен бөліседі. Барлық оқушылар мен студенттерді атылмыш клубқа мүше болуға шақырамыз.

Сәуірдің 26-сы Петропавлда көңілділер мен тапқырларының сайысының іріктеу кезеңі өткен болатын. Оған Петропавл қаласы мен аудандардан жиналған 16 құрама қатысқан. Ал, финалға тек үздік деген 8 команда жолдама алып отыр. Олардың арасында өздерін алдыңғы қатардан көрсетіп жүрген командалар да бар.

Ерлік Мұхамеджанов – “Қызылжар жастары” ЖҚБ төрағасы:

– Биыл ең нәтижелі жыл деп айтуға болады. Себебі, өңірімізде беткеұстар командалар бар. Солардың бірі – “5 жаңалық”. Олардың құрылғанына небәрі 1,5 жыл болыпты.

Енді маусымның 25-і СҚО әкімінің кубогы сарапқа салынады. Аталмыш шараға іріктеу кезеңнен өткен облыс құрамалары мен Ресейден келген ойыншылар қатыспақ. Жеңімпаздарға жүлделі орындардан бөлек, қазылар тарапынан да 2 номинация қарастырылған.


Молдир Макишева