МТРА жаңалықтары

Самал Еслямова журналистермен кездесті

Аздаған минуттардан соң, “Жастар сарайына” еліміздің мақтанышы Самал Еслямова келеді. Оны бір топ ұл-қыз қарсы алуға дайын тұр. Міне, көп кешікпей нысан маңына жұлдызды жерлесіміз мінген көлік те тоқтады. Машинадан шыққан актрисаны жиналғандар ыстық ықыласпен қарсы алды. Шапалақ соғылып, шашу да шашылды.

Жұртшылықпен қауышқан өнер иесі 71-ші халықаралық Канн кинофестиваліндегідей қызыл кілемнің үстімен жүріп өтіп, ішке кірді. Мұнда журналистермен баспасөз мәслихаты басталды. Жиында Самалға сан түрлі сұрақ қойылды. Әсіресе, тілшілер қауымын оған “Айка” фильіміндегі басты рөлді ойнау қаншалықты қиын болғаны қызықтырды. Бұған актриса тұщымды жауап қайырды. Картинадағы баласын тастап кеткен ананы сомдау үшін жерлесіміз көп еңбектеніпті.

Самал Еслямова – 71-ші халықаралық Канн кинофестивалінің үздік актрисасы:

– Қиын болды. Фильмге түсер алдында балалар үйіне бардым. Сол жердегі жағдайды көрдім.

Тағы, дарынды қазақ қызы фильмде ентігіп, шаршаған ананы сомдау үшін түсірілім кезінде жүгіргенін де айтты. Бұдан бөлек, журналистер Самалдан өнерге қалай келгендігін, қандай киноларда ойнағанын сұрап білді. Жерлесіміз мансабын жалғастырмақ ниетте. Қазірдің өзінде белгілі режиссерлерден шақыртулар түсіп жатқандығын мәлімдеді. Сондай-ақ өзінің арманымен бөлісті.

Самал Еслямова – 71-ші халықаралық Канн кинофестивалінің үздік актрисасы:

 

– Ұсыныстар түсті. Оны әзірге айта алмаймын. Негізі өзім Қазақстанда жұмыс істегім келеді. Отандық фильмдерде ойнасам деген ниетім бар.

Айта кетейік, Самал Еслямованың жұлдызын жаққан “Айка” картинасы қыркүйек айынан бастап көрерменге көрсетілмек.