МТРА жаңалықтары

Өңіраралық форумның өтуіне атсалысатын еріктілер дайындықты бастап кетті

Саят Ермек – тілші:


– Форум Қазақстан мен Ресей Президенттерінен бөлек тағы мыңдаған мейманның басын қосады. Қонақтарды қарсы алып, оларға барынша қолғабыс көрсету еріктілердің – міндеті. Таңнан ақшамға дейін аталмыш міндеттерді атқаруға олар даяр болулары тиіс. Ал, дайындықты еріктілер бүгіннен бастап кетті.

Нұрғали Ыбырай – тәжірибелі ерікті. Бозбала бұл қызметті бұған дейін Петропавлда өткен “Дельфий ойындары” мен “Жас кэмп” жастар форумында атқарған. Енді қарашада өтетін өңірааралық форумның меймандарын да қарсы алғысы келеді.

Нұрғали Ыбырай – ерікті:


– Мен адамдармен тез тіл табысамын, қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлеймін. Болашақ әріптестермен әлі таныс емеспін, бірлесіп жұмыс жасау үшін бір-бірімізді білуіміз керек.

Нұрғали секілді тәжірибелі еріктілер мұнда көп. Арасында ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізуге ат салысқандары да бар. Жастар үшін бүгін – бірінші тренинг. Ол болашақ әріптестерді бір-бірімен таныстырып, достастыруға бағытталған. Жаттығуды тәжірибелі психолог Дмитрий Агапов өткізді.

Дмитрий Агапов – “Центр личности” психологиялық орталығының жетекшісі:

 

– Менің бүгінгі міндетім – жастардың топтық рухын көтеру. Себебі -ерікті жалғыз өзі жұмыс істей алмайды. Бұл үшін ресми формат жарамайды, сондықтан мен жастарды біріктіретін арнайы ойындар мен түрлі жаттығулардың көмегіне жүгіндім. Кейін, еріктілерге адамның психологиясын лезде танып, онымен қалай тілдесу керектігін үйрететін боламын. Себебі, форумға келген әр адам біздің қонақжайлылығымызды сезінуі тиіс.

Мұндай тренингтердің легі жаз бойы жүргізілмек. Аптасына екі рет еріктілер қонақтарға құрмет көрсету, олармен тіл табысу, тағы қызмет барысында туындауы мүмкін стрессті жеңуді үйренетін болады. Бүгінгі тренингке 70 жеткіншек келді. Ал жалпы шекарааралық форумға 300-ге жуық еріктіні тарту жоспарланып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қатысатын шара қарашаның 9-ына белгіленген. Форумда екі ел арасындағы туризмді дамыту мәселелері сөз болады.

Саят Ермек