Мәдениет

Мәдениет және өнер саласының қызметкерлері марапатталды

Қыстың қақаған суығында, жаңбыр мен аптап ыстықта да өнер көрсететін бұл жандар кез келген мерекенің көркін қыздыратыны сөзсіз. Бірнеше ғасыр бұрын да, қазір де оларсыз бірде-бір мейрам өтпейді. Күміс көмей әншілер, қазақтың екі ішекті домбырасын ұстаған күйшілер мен мың бұрала билеген бишілер – бүгін өз өмірін шығармашылыққа арнағандардың кәсіби мерекесі. Сахнадағы барлық концерттік нөмірлер мәдениет қызметкерлерінің құрметіне орындалуда. Өнерімізді атадан-балаға мирас етіп, жандануына үлес қосып жатқа азаматтарды облыс әкімінің атынан орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтады.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:


–  Бүгінде мәдениет және өнер қызметкерлері “Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Бұған біз көз жеткізудеміз.

Асыл қазына сақтаушыларының ұзақ жылғы шығармашылық еңбегі, мәдениет саласын дамытуға қосқан үлесі елеусіз қалған жоқ.

Мерекеге орай 11 өнер адамы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Еңбегі бағаланғандардың бірі – Марат Сәрсенов. Азамат 20 жылдай Ақжар аудандық мәдениет үйінде қызмет етіп келеді.

Марат Сәрсенов – Ақжар аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі:


–  Мамандықты жүрегім қалап, таңдадым. Мектеп кезінен өнерге жақын болдым.

Өнерді өміріне серік еткендердің бірі – Аян Садаев. Азамат осы саладағы жұмысын 30 жыл бұрын бастапты. Бұндай таңдауды жасауға ән айтуды жаны сүйген ата-анасы себепкер болған екен. Мәдениет үйінде қызмет жасаған ол, қазір «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешеніне жетекшілік етуде. Көпжылғы еңбегі үшін бүгін Аян Нәбиұлы Мәдениет және Спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен марапатталды.

Аян Садаев – «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенінің директоры:

– Қазіргі таңда “Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыру бойынша бірқатар шаруа атқарылуда. Бүгінде музейге келу тегін. Бұндай жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз.

Тағы бірқатар майталман облыс әкімінің алғыс хаты және министрліктің марапаттарын иеленді. Жалпы, бүгінде өнер саласына көрсетілетін қолдау мығым. Биылғы жылы өңірімізде 20 жаңа мәдениет нысаны бой көтермек.


 

Эльмира Садвокасова