Құқық қорғау органдары

Кәсіпкерлер палатасы теріскейлік бизнесменге көмектесті

Осыдан тура бір жыл бұрын мамыр айында Петропавлдағы “Спортландия” сауда орталығына Ресейден велосипедтер мен қосалқы бөлшектердің үлкен партиясы жеткізілуі тиіс еді. Алайда, Пермь қаласынан шыққан фургон Ресей аумағында жоқ болды. Жүк көлігінің жүргізушісі шетелдік алаяқтарға алданып қалыпты.

Юлия Дубина – “Бурыкина” ЖК менеджері:


– Жүргізушіге бәз біреулер біздің атымыздан СМС хабарлама жіберіп, жүкті басқа жерге түсіруді бұйырады. Ал ол бұл ақпаратты тексермей, тауар толы фургонды Марий Эл Республикасына апарған. Жүкті алаяқтар сонда жымқырған. Біз бірден Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарына арыз жаздық, алайда тергеу амалдары ұзаққа созылып, іс бір орында тұра берді.

Ресей полициясынан қайыр болмаған соң, маусымда дүкен басшылығы облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгінген. Өз кезегінде олар түйткілді ҚР бизнес-омбудсмені – Болат Палымбетовқа жеткізеді.

Юлия Дубина – “Бурыкина” ЖК менеджері:


– Олар өз кезегінде Ресейдегі әріптестеріне хабарласып, істі бақылауға алды. 2018 жылдың басында ұрылар табылып, құқығымыз қорғалды. Алаяқтарға қатысты сот үкімі шығып, олар тиісті жазаларын алды. Сатылып үлгермеген тауар бізге қайтарылды, қалған шығын алдағы уақытта өтелетін болады.

Бизнес-омбудсмен – отандық кәсіпкерлердің шетелдегі құқықтарын қорғап, түрлі даулы жағдайларды шешумен айналысады. Ол тек Президенке бағынады. Бұл лауазымда отырған Болат Палымбетовтың СҚО-дағы өкілі – облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев. Жыл басталғалы бұл жанға екі бірдей жерлес бизнес субъектісі шағымданған.

Жеңіс Қазиев- СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Мамырдың басында теріскейлік кәсіпкер Балтық жағалуындағы елдердің бірінен арнайы техниканы жеткізбекші болған. Бірақ бұл кезде Ресейдің кейбір аумақтарын тасқын су басқандықтан, жүк көлігін бұл аймақтар бойынша жібермей қояды. Ал тапсырыс уақыты шектеулі. Біз тез арада әріптестерімізбен хабарласып, кәсіпкерге арнайы рұқсат қағазын алып бердік. Осылайша мәселе шешілді.

Саят Ермек – тілші:


– Осы сынды келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында Қазақстан мен Ресейдің омбудсмендері 2017-нің қарашасында арнайы форум өткізген. Жалпы, елімізде бизнес-омбудсмен институты 2016 жылдан бері жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Бұл мамандар тек отандық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғап қана қоймай, шетелдік бизнесмендердің ел аумағындағы түйткілдерін шешуге де көмектеседі.

 

Саят Ермек