Қоғам

“Таза жағалау” акциясы өтті

Жазғытұрым келісімен көпшіліктің табиғат аясына асығатыны хақ. Бірақ, өзен-көлдердің маңайын төңіректейтіндер тек тынығып қана қоймай демалыс мекендерін ластап кетеді. Олқылықтың орнын толтыру үшін петропавлдықтар «Таза жағалау» акциясын өткізді. Аталмыш іс-шара аясында жиналғандар “Пестрое” көлінің маңын күл-қоқыстан тазартты.

Алмат Сатыбалды – “Green Help” ҚБ өкілі:

– Осы іс-шараға бүкіл жергілікті жастарды кірістірмекпіз. Бұл жай ғана сенбілік болмайды. Бүгінгі акцияда жиналған қалдықтарды сұрыптап талдау жүйесін енгіземіз. Кейін, олардың бәрі утилизацияға жіберіледі.

“Пестрое” жағалауы қала тұрғындарының жаз мезгіліндегі жиі демалатын орындарының бірі. Сондықтан, жағалауды жиналып қалған қоқыс-қалдықтан арылту маңызды. Шараға қаламыздың 6 колледжінен 100 шақты студент ұйымшылдықпен атсалысты. Оларға ауа райы да кедергі болмады.

Сондай-ақ, іс-шараға алғаш рет KazTransOil АҚ қызметкерлері де қатысып жатыр.

Жанат Қазбеков – ”KazTransOil” АҚ-ның тәуекелдерді басқару жөніндегі маманы:

– Біздің ұйымдағы жас мамандар кеңесіне кіретін қызметкерлер компанияның және қаладағы іс-шараларға белсене қатысады. Акция жайлы әлеуметтік желілерден біліп, бірден ұйымымызбен бірлесе қатысамыз деген шешім қабылдадық.

Биылғы “Таза жағалау” акциясының ерекшелігі – игі шараға қатысушылар белсенділіктері үшін құнды сыйлықтар мен грамоталарға ие болады. Алдағы уақытта, аталмыш акциясына қаламыздың басқа да білім ошақтарын жұмылдыру көзделуде. Ал демалыс маусымы кезінде тазалық шаралары қатаң бақылауда болмақ. Бұл жолы белсенділер табиғат аясында тынығушылар тастап кеткен пластикалық бөтелкелер мен шыны ыдыстарды көптеп жинады.