Ауа райы

Петропавлды күшті дауыл әбігерге салды

22 мамыр. Астана. Аспанға лезде бұлт үйіріліп, жауын жауып, екпінді жел соқты. Күшті дауыл елордалық ғимараттардың шатырын ұшырды, әйнектерін сындырды. Бас қаланы дүрліктірген дүлей жел тіпті алып құрылыс кранын да құлатты.

Дәл осы жағдайдың кешке Петропавлда қайталанбасы бар ма?! Сегіз жарымдар шамасында Жуков көшесіндегі құрылыс алаңында тұрған кран желдің екпінін еңсере алмай жер сүзді. Жолды кесе көлденең құлап, көлік қозғалысын тоқтатып қойды.

Ал “Корона” сауда үйінің маңында екпіні мықты жел жазғы шатырды ұшырып әкетті. Қаңбақша айналған нысан жақын маңда тұрған асханаға соғылып, оның маңдайшасы мен мұржаларын қиратқан. Екі күн бұрын орнатылған жазғы дәмхана кәсіпкер Абдикамал Мажидовқа тиесілі. Оқиға орын алғанда ол көлігінің ішінде отыған екен. Бәрін өз көзімен көріпті. Тіпті, дүлей дауыл ұшырған шатырдың бір жиегі көлігінің әйнегін де сындырған.

Абдикамал Мажидов – оқиға куәгері:

– Оқиға шамамен тоғыздан жиырма кеткенде орын алды. Жел күшейіп, шатыр көтерілгенде көлігімнен шығамын деп әректтеніп едім, үлгермей қалдым. Ал нысан автомобильдің үстінен тағы 1,5 метрге асып ұшып кетті. Бір шеті көлігімнің әйнегін қиратты.

Новая көшесі 110 мекен-жайындағы тұрғын үйдің алдында тұрған 2 көліктің үстіне болса, қарағай ағашы құлап, темір тұлпарлардың быт-шытын шығарды. Мир көшесіндегі автокөлік жуу орталығының шатырын да дауыл тас-талқан қылды. Морт сынған көше бойындағы ағаштар да жететін. Теріскейлік құтқарушылардың сөзінше кеше кешке алапат желдің екпіні секундына 23 метрге дейін ұйытқыған. Абырой болғанда жапа шеккендер жоқ.

Болатжан Асқарбеков – СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– 4 нысанның шатыры ұшты, 2 көліктің үстіне ағаш құлады. Біздің мамандар лезде оқиға орындарына бет алып, салдарын жоюға көмектесті. Қазір келтірілген шығын мөлшері есептеліп жатыр.

Ауа райы бұзылар алдында бір күн, не бірнеше сағат бұрын құтқарушылар телефондарға СМС хабарламалар жөнелтуші еді. Шаһарды дүрліктірген дауыл алдында ешкімге ондай хабарламалар келмеген.

Болатжан Асқарбеков – СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Бізге ақпаратты “Қазгидромет” орталығы береді. Біз оны өңдеп, тұрғындарды құлақтандырамыз. Ал кеше метеорологтардың тарапынан ешқандай ақпар түспеді. Сәйкесінше, хабарламалар да жіберілген жоқ.

Бұл күшті дауыл теріскей жеріне қайдан келді? Қазгидромет мамандарының сөзінше түсте Елордада орын алған дауыл мен Петропавлдағы табиғаттың тосын мінез танытуының арасында еш байланыс жоқ.

Гүлзат Ғазизова – “Қазгидромет” РММ СҚО бойынша филиалы метеоболжам бөлімінің жетекшісі:

– Қазір Солтүстік Қазақстан облысының аумағы екі ауа массасының өтпелі зонасында тұр. Петропавл солтүстік-шығыстан келген күшті циклонының ықпалында, ал облыстың басқа аумқатарында антициклон үстемдік құрып тұр. Осының кесірінен облыс орталығында дауылдатып тұр.

Саят Ермек – тілші:


– Бүгін аспан әзірге шайдай ашық. Бірақ, солтүстік-шығыстан келген циклон теріскейге әлі де қауіп төндіріп тұр. Сондықтан, күшті дауылдың бүгін қайталануы ғажап емес. Телефондарға ескерту хабарламалары әлдеқашан жіберіліп қойған. Құтқарушылардың пайымдауынша, бүгін желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін. Сондықтан, себепсіз үйден шықпай, балаларды жалғыз жібермей, қажетті қауіпсіздік ережелерін қаперде ұстаған жөн.


 

Саят Ермек