Білім

Петропавлда көлікті тізгіндеу бойынша көпсайыс өтті

Ең алдымен қатысушыларға барлық ережелер мен талаптар түсіндірілді. Сайыскерлер жарыста мына Газ-53 жүк көлігімен жүріп өтулері қажет. Оларды білікті төрешілер бағалайды. Ал енді сайысқа да кезек келді.

Бірінші болып тапсырманы орындауға Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің 3 курс студенті Валерий Майзнер аттанды. Оның темір тұлпарға деген әуестігі 5-сыныптан басталған екен. Көліктің бабын жақсы білетін 19 жасар студент барлық кедергілерден мүдірмей өтті.

Валерий Майзнер – Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

– Барлық сынақтардан сүрінбей өттім. Ең қиыны – артқа шегіну болды. Себебі, мен көбіне жеңіл машиналарды жүргізіп үйреніп қалған едім. Соған қарамастан, жақсы нәтиже көрсеттім деп ойлаймын. Достарым да үлкен қолдау көрсетті.

Ал Евгений Булдашев болса, шеберлер тобында күшін сынап жатыр. Ол сайысқа Ресейдің Қорған қаласынан арнайы келіпті. Оның нұсқаушы болып жұмыс істеп жүргеніне 2 жыл болған екен. Бүгінге дейін студенттерге көлік жүргізуді үйретсе, енді өз біліктілігін байқамақ.

Евгений Булдашев – Шадринск политехникалық колледжінің оқытушысы, Қорған қаласы, РФ:

– Осыған дейін мұндай сайыстарға қатысып көрген емеспін. Сондықтан болар, тәжірибем аздау. Жарыс барысында 2 қателікке бой алдырдым. Бірақ, көлікті 12 жасымнан жүргізе бастадым.

Темір тұлпарларды тізгіндеу көпсайысына Петропавл қаласының 6 колледжі мен Ресейдің екі оқу орнынан келген студенттер мен шеберлер қатысып жатыр. Олар 3 кезең бойынша сынға түсіп, жеңімпазды анықтайды.

Сергей Абраменко – Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі директорының орынбасары:

– 1-ші кезеңде қатысушылар 6 кедергіден сүрінбей өтулері қажет. Басты талап – жолда жүру ережелерін сақтау. 2-ші кезең – тестілеу. Және 3-шісі – эстафета. Яғни, бұл жерде жылдамдық сыналады. Жалпы жарыс соңында олар командалық және жеке марапаттарға ие болады.

Аталғыш сайыс шаһарымызда осымен 2-ші рет ұйымдастырылып отыр.

 

Молдир Макишева