МТРА жаңалықтары

Өмірзақ Шөкеев шаһардағы өндіріс орындарын аралады

Күннің екінші жартысында Премьер Министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев, облыс орталығындағы “ЗИКСТО” зауытына аялдады. Осыдан 133 жыл бұрын құрылған кәсіпорын, қазіргі таңда 2 негізгі бағыт бойынша жұмыс істеп келеді. Көпсалалы зауыт еліміздің қорғаныс саласына қажетті әскери құрылғыларды өндіріп қана қоймай, “Қазақстан Темір Жолы” АҚ-ның сұранысын да қамтамасыз етіп отыр. Толық қуатта жұмыс жасап жатқан мекеме жылына 2 мың дана жүк вагондарын шығарып келеді. Әзірге зауыт қызметкерлері тек жүктердің алуан түрін тасымалдауға негізделген жүк вагондарын құрастыруды оң жолға қойған. Кездесу барысында кәсіпорын жетекшісі, алдағы жаңғырту жұмыстары мен атқарылар істерден құлағдар етті.

Болашақта зауыт контейнерлерді тасымалдайтын ірі габоритті вагондар мен астық жеткізуге ыңғайлы жүк вагондарды шығаруға кіріспек.

Сергей Непомняшний – “ЗИКСТО” АҚ бас директоры:

– Біздің зауыт “Қазақстан Темір Жолы ҰК” АҚ-ы компания тобымен ұзақжылдық келісімшартқа отырды. Кәсіпорын 2019-жылға дейін құны 54 миллиард теңгенің жүк вагондарын жасауы тиіс. Ол үшін біз жылына 5 мың дана контейнерді құрастыратын боламыз.

Бұдан соң, елордалық мейман Петропавлда 2014 жылы ашылған “Қазтехмаш” АҚ-на ат басын бұрды. Ауыл шаруашылығы техникасын жинап-құрастыруға негізделген кәсіпорын, 3 жылдың ішінде 70 дана “Сампо Азия” комбайнын шығарған. Биыл зауыттықтар немістік “КЛАСС” компаниясымен бірлесіп өлкемізде “сампо комия с12” астық жинайтын техникасын құрастырмақ. Зауыттықтар орайы келгенде мейманға болашақта құрастырылатын комбайндарға салынатын қосымша құн салығын алып тастауды сұрады.

Сыздық Баймұқанов – “Қазтехмаш” АҚ бас директоры:

– ҚҚС төлеу – ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын зауыттарға қаржылық жағынан үлкен жүктеме тудыруда. Өз кезегінде шет мемлекеттерден жеткізілетін комбайн құнына жарна салынбайды. Сол себептен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің таңдауы осы мемлекеттерден жеткізілетін комбайндарға түседі.

ҚР Премьер Министірінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев түйткілді мәселені біржақты етуге жәрдемдесетіндігін жеткізді.


 

Эльмира Садвокасова