Құқық қорғау органдары

Жас полицейлердің слеті

Шараның алғашқы күні жас полицейлер тәжірибелік атыс сағатына қатысып, жаңа қарумен танысты. Сондай-ақ, психологиялық сынақтардан өтіп, жедел басқару және кинологиялық орталықтарды аралады. Ал бүгін шараның қорытынды жиыны өтіп жатыр.

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы:

– Слеттің басты мақсаты – жас қызметкерлердің бойында отансүйгіштік, патриоттық сезімді тәрбиелеу, осы мамандыққа деген жауапкершілікті қалыптастыру. Жалпы аталмыш жиынға қатысқан әр жас полицейге тәлімгерлері бекітілген болатын. 2 күн бойы олар бірлесіп еңбек етті.

Кейін слетке қатысып, еңбек жолын бастаған қызметкерлерге грамоталар мен сертификаттар табыс етілді.

Қатарға жаңадан қосылған жауынгерлердің дені бала кезінен тәртіп сақшысы болуды арман еткендер. Солардың бірі – Дания Сейітова. Нәзік жанды Қарағанды академиясында білім алыпты. Кейін туған қаласына оралып, тергеуші қызметіне орналасқан. Ата-анасы әскери адамдар болғандықтан, Дания да олардың ізін қуып, өмірін осы саламен байланыстырған екен.

Дания Сейітова – Петропавл ІІБ тергеушісі:

– Тәртіп сақшысының өміріне оқуға түскеннен бастап араласып кеттім. Бала кезімнен қандай жағдай болмасын, Отанымды, туған жерімді қорғауды армандадым. Сол арманым мені жетелеп осы салаға алып келді. Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Қайта, жауапкершілігі мол қызметте жүргеніме қуаныштымын.

Слетте аудандардан келген тәртіп сақшылары да бар. Солардың бірі – Әуезхан Садуев.

Әуезхан Садуев – Жамбыл ауданы ІІБ уақытша ұстау изоляторының кезекшісі:

– Мен Жамбыл ауданы ІІБ-нің уақытша ұстау изоляторында кезекшісі болып қызмет атқарамын. Жұмысқа 1 жыл бұрын кірдім.

Сонымен қатар, шарада ішкі істер органдарында түрлі жылдары жұмыс істеген ардагерлердің көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда олардың түрлі тақырыпта жазылған шығармалары жайғастырылды. Бұл күні марапаттау қағаздары облысымыздың 44 жас тәртіп сақшысына табысталды.

Молдир Макишева