Қоғам

Петропавлдағы 47 аулаға балалар алаңқайы орнатылады

Креативті және бірегей. Дәл осындай екінші алаңқайды Петропавлда таппайсың. Новая 110 мекен жайындағы бесқабатты үйдің тұрғындары қарапайым балалар алаңқайын нағыз ертегі әлеміне айналдырған.

Саят Ермек – тілші:

– Бұл алаңқай кез келген ойын баласының арманы. Әткеншектер, карусельдер мен сырғанақтар, тіпті қолдан жасалған ауди автокөлігі де бар мұнда. Бірақ, ең бастысы бұл мекен балалардың көңілін ғана көтеріп қоймай, оларды отансүйгіштікке тәрбиелейді.

Еліміздің көк байрағын алаңқайдағы бірқатар нысаннан көруге болады. Манағы ауди көлігінің нөмірі де қазақстандық. Ұлттық ою өрнектер, тіпті атышулы ЭКСПО-ның логотипі де бар мұнда. Бәрін тұрындар өз қолдарымен жасап шыққан. Идея авторы – Афанасий Дроздецкий. 90-ды еңсерсе де қария бұл тұрғын үйдегі кооператив төрағасы қызметін атқарады.

Афанасий Дроздецкий – “Ключик” ПИК төрағасы:


– Бәрін өзіміз ойлап табамыз. Ата-аналармен кеңесіп, балалардың тілектерін де ескереміз. Абаттандыруды 2007 жылы бастадық. Осы уақытқа дейін алаңқайға шамамен 800 мың теңгедей жұмсалды.

Әр әткеншектің, әр карусельдің дизайні – Афанасий атайдың қиялынан туған. Бәрі копператив қаражатының есебінен дайындалған. Қазір алаңқайдағы тәртіпті 4 бейнекамера бақылап отыр, әкімдік тақтайдай тегіс асфальт төсеп берген, ол да әрленіп, сырланған. Бір өкініштісі – аулаға кіретін жол шұрық тесік. Бұл мәселені шешуді сұрап төраға қала әкімдігіне жүгініпті. Әзірге тұшымды жауап жоқ. Дегенмен, жерлестеріміздің көпшілігі бұл үйдің тұрғындарындай белсенді емес. Дені жаңа алаңқайларды тек әкімдік орнатып беруі керек деп санайды. Өз кезегінде қала басшылығы бұл шаруаны шама-шарқынша атқарып жатыр. Мәселен, биылғы жылы балалар алаңқайларын орнатуға қала қазынасынан 36 млн теңге қаржы жұмсамақ.

Асхат Рамазанов – Петропавл қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

– Биыл 47 алаңқай тұрғызылады. Жұмыстар келесі аптада басталады. Алаңқайларды орнатушы мердігерді де тауып қойдық. Шаруаны “Стронг-сервис” серіктестігі атқарады.

Бір стильдегі су жаңа әткеншектер мен қалашықтар қаланың тек орталығында ғана емес, тысқары аудандарындағы аулаларда пайда болмақ.

 


Саят Ермек