Қоғам

Өңірдегі өрісі, тынысы кеңейген ауыл

Көктем келіп, күн жылынысымен Дайындық ауылында қызу тірлік басталады. Әсіресе, құрылыс жұмыстары қарқын алған.

Міне қазір құрылысшылар тұрғындарға арнап баспана тұрғызып жатыр. Осы салада 18 жылдық тәжірибесі бар Виталий Кухновец әріптестерімен бірге жалпы аумағы 90 шаршы метрлік 3 бөлмелі тұрғынжайды салуда.

Бұрындары бұл жерде ескі үй тұрған. Қаңырап бос қалғандықтан оны бизнесмен Біржан Шаймерденов иесінен 150 мың теңгеге сатып алыпты.

Біржан Шаймерденов – «Дайындық» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– 7 үй саламыз. Үйдің бағасы 4,5 млн теңге. Бірақ оны біз халыққа 500 мың теңгеге беріп жатырмыз. Және де ауылға келген жас мамандарға, өзге елді мекендерден, оңтүстіктен қоныс аударушыларға да үйлер берілуде.

Бизнесменнің қаражаты есебінен Дайындық ауылында жыл сайын кемі үш үйден салынып тұрады. Соның бірінде Гүлнар Есенбаева тұрып жатыр. Осы елді мекендегі ағайынның тұрмысы жақсы екенін естіп, қаңтар айында отбасымен бірге Петропавл қаласынан қоныс аударған. Мұнда келгеніне өкінбейтінін айтады. Орталықтандырылған су және жылу желілеріне қосылған жаңа баспанасында қыстап шыққан. Іші жылы болды дейді. Коммуналдық қызметтерге айына 11 мың теңге төлейді екен.

Гүлнар Есенбаева – шағын орталықтықтың тәрбиешісі:


– Петропавл қаласынан көшіп келдік. Қалада тұру қиын. Жалақымыз аз болды. Қазір ауылға үйрендік. Мұнда тұру тиімді. Жолдасыма, өзіме жұмыс бар. Жалақысы жақсы.

Дайындық елді-мекенінде құрылыс жұмыстары 20 жыл қатарынан тоқтаусыз жүргізілуде. Осы мерзім аралығында мұнда барлығы 30 шақты нысан салыныпты. Араларында мешіт, мектепке дейінгі білім беретін шағын орталық пен медициналық пункт бар. Соңғысының таспасы былтыр қиылыпты. Ақ халаттылардың айтуынша, күнінен шамамен 5-6 адам келіп тұрады.

Нұрбике Шаймерденова – Медициналық пунктің фельдшері, Дайындық ауылы, Аққайың ауданы:

– 14 жасқа дейінгі 56 бала бар. 3 жүкті әйел бар. Көбінесе қант диабетімен, қан қысымы, бронхитпен ауыратындар келеді. Ленинский селосынан дәрігер, стомотолог, акушерлер келіп тұрады. Балаларды скринингтен өткіздік.

Биыл кезек мектепке жетті. Директордың сөзіне қарағанда, 51 жылдық тарихы бар білім ошағының ғимараты тиісті жөндеу көрмеген әрі оқушыларға тарлық етеді.

Талғат Рамазанов – Дайындық негізгі мектебінің директоры, Дайындық ауылы, Аққайың ауданы Аққайың ауданы:

– Дайындық негізгі мектебі 1967 жылы салынды. Содан бері күрделі жөндеу өткізілген жоқ. Мектеп тозып, шатырынан су ағып тұрған еді. Қазіргі кезде 46 оқушы оқып жатыр. Жылдан жылға оқушылар саны көбейіп келеді. Көшіп келіп жатқандар бар. Сондықтан мектепте кабинет тапшылығы байқалуда.

Құрылысшылар саусақпен санарлық кабинеті бар ескі ғимараттың қабырғасынан басқасының бәрін жаңартады. Бір сөзбен айтқанда, іші-сырты күрделі жөндеуден өтпек. Жапсарлас 100 шаршы метр қосылып, мектеп аумағы кеңейтілуде. Аталған жұмыс түрлеріне жеке кәсіпкер Біржан Шаймерденов өз қалтасынан 56 млн теңге шығарыпты. Жұмыс көп болғандықтан, меценат бұл іске жеке меншік құрылыс компаниясын тартқан.

Адай Сапарғалиев – «Алимак- NORD» ЖШС директоры:

– Ескі ғимараттың сыртын қаптап, ішіндегі қабырғаларын әрлеп, төбелері мен едендерін алмастырамыз. Жылу батареяларын толығымен жаңартамыз. Және су құбыры тартылады. Мұның бәрі келісім шартта көрсетілген. Материалдар жеткілікті. Тамыз айында спорт залдың құрылысына кірісеміз. Оның сырты сендвич панелмен қапталады.

Мердігерлер мектепті, спорт залымен қоса жаңа оқу жылына дейін тапсыруды жоспарлап қойған. Осындай ілкімді істерге қаражат бөліп жүрген Біржан Шаймерденовтің келешектегі арманы – Дайындықты үлгілі ауылдардың қатарына қосу.

Біржан Шаймерденов – «Дайындық» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– Өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 280 млн теңге мынадай жұмыс түрлеріне жұмсалды.7 км жол салдық. Жылу құбырларын тарттық, медпункт, үйлер салдық.

Тұрғындар, әсіресе, ауылдың үлкендері бизнесменнің елге жасаған жақсылығын жоғары бағалап, алғысын білдіруде.

Алфия Оспанова – Білім беру саласының ардагері, Дайындық ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

 

– Біржан ауылға көп жақсылық істеді. Мешіт ашты. Мәдениет үйін, контора салды. Балалар алаңын істеді. Рақметімізді айтамыз. Елдің орнында тұруы Біржанның арқасы. Басқа ауылдарда біреулері далаға қалаға кетіп жатыр. Әсіресе, үлкен адамды орнынан қозғау қиын болады.

20 жыл бұрын мұнда небары 28 үй болған екен. Ауылдың қазіргі көрінісі көз сүйсіндіреді. Айтпақшы, келесі жылы Дайындық ауылы 90 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өтпекші. Осы маңда жағалай ақ шаңқай кйіз үйлер тігіліп, ат жарысы ұйымдастырылады.

Берік Қасен