Білім

Өңірде омарташы мамандары даярлануда

62 жастағы Юрий Галамагин – СҚ кәсіптік даярлау және қызмет көрсету колледжінің студенті. Ол зейнет демалысына шықпас бұрын омарта шаруашылығының қыр-сырын меңгеруді жөн санапты. Жерлесіміз кәсіпті жан-жақты меңгеру үшін “Пасека -Қызылжар” ЖШС-де өткізіліп жатқан арнайы тәжірибелік сабаққа қатысып отыр.

Юрий Галамагин -қала тұрғыны:


–  Омарта шаруашылығының негізін білемін десе де болады. Енді, маусымның 5-і күні емтиханды тапсырсам болғаны. Келесі жылдан бастап араларды ұстаймын деп жоспарлап отырмын.

Айта кетсек, СҚ кәсіптік даярлау және қызмет көрсету колледжі былтырғы жылдан бастап болашақ омарташыларға білім бере бастаған. Биыл осы мамандық негіздерін 23 солтүстікқазақстандық тегін
меңгеріп жатыр.

Николай Соколов – СҚ кәсіптік даярлау және қызмет көрсету колледжінің директоры:

– Біздің оқу орнын тәмамдаған соң, түлектер “Бастау-бизнес” жобасы бойынша келесі курстардан өтеді. Кейін, олар омарта ісін дамыту үшін пайызсыз несиеге үмір арта алады.

Үйеңкі, тал, бозқараған. Бұл – өңірімізде алғашқылардың қатарында гүлдейтін ағаштар. Аралар да бірінші кезекте осы өсімдіктерді тозаңдандырады. Жалпы, биыл теріскейге Шымкент қаласынан жәндіктердің 900-ден астам жанұясы әкелініпті. 1 жанұяның мүшелері 70 мыңға дейін жетеді.
Ал, “Пасека -Қызылжар” ЖШС-де биыл 10,5 млн-ға тарта ара тәтті әселді жинау үшін түрлі алқаптарға аттанады.

Олег Гаврилов – “Пасека -Қызылжар” ЖШС директоры:

– Қазіргі таңда біз Карпат тұқымдасына жататын жәндіктермен жұмыс істеп жатырмыз. Оларды ОҚО-нан мамырдың басында әкелдік. Маусымда аралардың жанұяларын алқаптарға апарсақ, айдың соңына таман омарта шаруашылығының өнімдерін жинай бастаймыз. Бұл іс жаз бойы жалғасын табады. Ал, күзде оларды қайтадан еліміздің оңтүстігіне қыстауға жібереміз.

Жалпы былтыр теріскейлік омарташылар 300 тонна тәтті өнім жинаса, биылғы жылы балдың көлемін 1 мың тоннаға дейін жеткізу межеленіп отыр. Айта кетсек, ара шаруашылығы өңіріміздің Қызылжар, Мамлют және Шал ақын аудандарында қарқынды түрде дамуда.

Тогжан Акмагамбетова