Балалар

Балалар мен жастар парады өтеді

Көңілді музыка мен ырғақты би қимылдары. Шаһардың басты алаңына жиылған жастар мен балғындар қазір парадқа дайындық үстінде. Іс-шара жаздың алғашқы күнінде өтпек. Халықаралық балаларды қорғау мерекесінде бұл белсенділер қаламыздың бірнеше көшесін аралайтын болады. Алдымен, оқушылар мен студенттер барлық қимылдарын өз оқу орындарында жаттапты. Енді, бұның барлығы біріктірілмек.

Парадта ән, би мен оркестр де болады. Өнер колледжінің студенттері шарада бірнеше туындыны орындамақ ниетте. Алдыңғы шептегі хореограф қыздар мен ту көтеруші жігіттер үрмелі аспаптар, халық оркестрі ойнайтын маршпен қозғалмақ. Сондықтан соңғыларына үлкен жауапкершілік жүктелуде. Алайда, 3 курс студенті Алпамыс Жәдігерұлы үшін бұл еш қиындық тудырмайды. 18 жастағы бозбала орындалатын композицияларды жақсы меңгерген.

Алпамыс Жәдігерұлы – Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің студенті:


–  Мен бұл парадқа 2-ші жыл қатысудамын. Мен үшін осы ауқымды шараға атсалысу үлкен мәртебе. Оркестрімізбен бірге 4 бірдей марш орындаймыз.

Ауқымды іс-шараға қаламыздың 20 оқу орны қатысады деп күтілуде. Жастар жергілікті Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бірінші корпусынан бастап, Абай және М.Жұмабаев көшелері бойымен жүріп өтеді. Парад шаһардың басты алаңында концерттік бағдарламамен аяқталмақ.

Ботагөз Тағұдретова – СҚО білім басқармасының бас маманы:

 

– Биылғы жылғы парадтың ерекшелігі – шара тек облыс орталығында емес, аудан орталықтарында да ұйымдастырылады. Қаламыздан оған 1500-ден астам оқушы қатысады. Бұл – мектеп оқушылар мен колледж, университет студенттері және әскери институт курсанттары.

Іс-шара республика көлемінде маусымның бірі таңғы сағат 11-де бастау алады.

Эльмира Садвокасова