Мәдениет

Жерлесіміз үздік актриса атанды

Бұл қошемет қазақ қызына арналады. 71-ші халықаралық Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған Самал Еслямоваға дүниенің төрт бұрышынан жиылған дүйім жұрт ыстық ықылас білдірді. Міне, әлемдік деңгейдегі таланттардың ішінде танылған өнерпаз ортаға шығып, өзіне тиесілі жүлдені алды. Жерлесіміздің жүзінен қобалжу байқалады. Дәл сол кездегі сезімді Самалдың өзінен қоңырау шалып сұрап білдік.

Самал Еслямова – 71-ші халықаралық Канн кинофестивалінің үздік актрисасы:

– Фестивальге 21 картина қатысты. Сол фильмдерде ойнаған барлық актрисалар жеңімпаз ануға үмітті болды. Бірақ та менің жолым болып үздік актриса атандым. Өте қатты куандым.

Самал бала күнінде актриса болуды мүлде армандамапты. Ол журналист атануды қалаған екен. Алайда, емтиханда бірер балл жетпей қалып оқуға түсе алмапты. Кейін, қаламыздағы Өнер колледжіне қабылданған. Сол жерде жерлесіміздің жұлдызы жанды. 2004 жылы студент болып жүрген кезінде белгілі режиссер Сергей Дворцевой оны өз фильміне түсуге шақырыпты.

Гүлмира Еслямова – Самал Еслямованың анасы:


–  Алматыға барғасын кастингтен өтеді. Сосын “Тюльпаны” деген фильмге түседі. Сол туынды да 2008 жылы Канн фестивалінде жүлдеге ие болды.

Бұдан соң, актриса Ресейдің театр өнері университетіне оқуға қабылданады. Сол жерде білімін толықтырып, тәжірибесін шыңдаған өнерпазды тағы сол Сергей Дворцевой “Айка” атты картинада басты рөлді сомдауға шақырады. Туынды Мәскеу маңында 6 жыл бойы түсіріледі. Онда жерлесіміз көрші елге мигрант болып барған қырғыз азаматшасының қилы өмірін көрсетеді. Фильмде кейіпкер өзінің туған баласын ауруханаға тастап кетеді. Кейін, аналық махаббаты оянып ұлын қайтадан алып кетуге тырысады. Міне, осы шеберлігі үшін 71-ші халықаралық Канн кинофестивалінде ол үздік актриса атанды. Жалпы, Самалға өнер әкесі жағынан дарыпты.

Ілияс Еслямов – Самал Еслямованың әкесі:


–  Менің анам ауылда әнші болды. Сол кісінің өнері Самалға дарыды деп білеміз.

Самалдың ата-анасын қыздарының үлкен жеңісімен облыс әкімінің атынан орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтап келді.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:


–  Жақсы хабарды естідік. Сол себепті құттықтапа келіп отырмыз.

Кездесу соңында жиналғандар естелік суретке түсті.

 

Байболат Култанов