Спорт

Жанат Жақияновпен таңғы жаттығу өтті

Сенбілік таң, демалыс күні. Спорттық костюм киген спортсүйер петропавлдықтар шаһардың басты алаңына ағылып жатыр. Себебі, оларды мұнда кәсіпқой боксшы, өңір мақтанышы Жанат Жақиянов күтіп тұр. 2 минуттық дайындық, чемпионмен таңғы жаттығу басталды.


Музыка ырғағымен алдымен бас, иық қимылдары, кейін отырып тұру. Жақияновтың әр іс-әрекетін сап түзеп тұрған жүздеген қалалық бір адамдай қайталады. Жаттығулар оңай, бірақ денсаулық, тән тонусы үшін аса пайдалы дейді чемпион.

Жанат Жақиянов – IBO мен WBA (super) нұсқасы бойынша экс-әлем чемпионы:

– Бұл денсаулық үшін пайдалы. Спортшы ретінде бәрін спортпен айналысуға шақырамын.

Кейін ортаға кәсіпқой фитнес нұсқаушы шығып, жиналғандарға жан мен тәнге сергектік сыйлайтын тағы бір жаттығулар кешенін ұсынды.

Жарты сағатқа созылған бұқаралық таңғы жаттығу шаһар тұрғындарының көңілінен шыққан секілді.

– Керемет болды. өзім спортты жақсы көрем.

– Бір сергіп қалдық. Мұндай шаралар көбірек болса екен.

Айта кетейік, Елбасы 2020 жылға дейін спортпен тұрақты түрде айналысатын қазақстандықтардың үлесін 30 пайызға жеткізуді тапсырған еді. Облыстық деңгейде біз бұл тапсырманы өткен жылы орындап тастағанбыз. Бүгінде теріскейліктердің 31 пайызы физикалық тұрғыда белсенді.

 

Саят Ермек