МТРА жаңалықтары

Ресей мен Қазақстан дамуының жаңа мүмкіндіктері

Бұл дөңгелек үстел Қазақстан мен Ресейдің бетке ұстар профессорлары мен ғылым докторларының басын қосқан. Жиында олар екі ел арасындағы интеграциялық проблемалар мен экономикалық байланысты талқылап жатыр. Қазіргі таңда бұл – күрмеуі күрделі мәселелердің бірі. Отырыста мамандар осы сұрақтардың шешімін таппақ ниетте. Бұл ретте жиынға қатысушылардың сөзінше, қос тарапта барлық мүмкіндіктер бар.

Анатолий Спицын – ЕАЭО Интеграциялық мәселелер институтының директоры, Ресейдің жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті:

–  Өзекті мәселелерді шешу үшін жүйелі жұмыс қажет. Сондықтан, екі елдің дамып, экономикалық мәселелерді шешуі үшін Қазақстан мен Ресейдің мүмкіндіктерін бірлесіп пайдаланған жөн. Ал, ең бастысы – қос тараптың бірнеше жылдық тәжірибесін қарастырып, оның ұтымды тұстарын да қолдану қажет.

Жалпы, Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс бірнеше ғасыр бұрын басталған. Қазір екі ел арасындағы достық қарым-қатынас одан әрі беки түсуде. Мәселен, жыл сайын мыңдаған қазақстандық студент көршілес мемлекеттің алдыңғы қатарлы университеттерінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алады. Ресейдің профессор , ғалымдары да отандық жоғарғы оқу орындарында дәрістерін оқуда. Бұл-студенттер мен оқытушылардың тәжірибе алмасуына өз септігін тигізеді.

Ақмарал Ибраева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, профессор, тарих ғылымдарының докторы:

– Бұл шараның университет үшін маңызы зор. Оқытушылар, магистрант пен докторанттарымыз кейін келген меймандардың дәрістерін тыңдамақ.

Еске сала кетейік, Қазақстан мен Ресей елдерінің өңіраралық ынтымақтастық форумы үстіміздегі жылдың 9-шы қарашасына белгіленген. Ауқымды шара екі елдегі туризмді дамытудағы жаңа көзқарастар мен тенденциялар тақырыбында өтпек.

Эльмира Сәдуақасова