МТРА жаңалықтары

“Нұр әлем” сферасында ашық сабақтар өткізіледі

“Нұр әлем” сферасы – инженерлік ақыл-ойдың керемет жетістігі. Былтыр Сарыарқа төсінде орын тепкен бірегей нысанға келгендердің санында есеп болмады. Ресми мәліметке сүйенсек, 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесін әрбір 4-ші солтүстікқазақстандық тамашалапты. Өткен жылы Елбасының шешімімен “Нұр әлем” сферасында болашақтың энергиясы музейі ашылды. Енді мұнда оқушылар үшін жаз айларында ашық сабақтар ұйымдастырылып тұрмақшы.

Роза Асанбаева – Қазақстан туристік қауымдастығының президенті:


– Қазіргі таңда Ақмола облысы мен Астана қаласының мектептері “Нұр әлем” сферасында ашық сабақтарға қатысу үшін кезекте тұр. Онда физика, математика, химия, биология тағы да басқа пәндер бойынша ашық сабақтар ұйымдастырылады. Көрнекіліктер арқылы оқушылардың сабақты түсіну көрсеткіші жоғарылайды. Сол жерде балаларға желден, судан, күннен энергия өндіру механизмдері көрсетіледі.

Қазақстан туристік қауымдастығының президенті Роза Асанбаева осылайша оқушыларды ғылымға бір табан жақындатуға болады дейді.
Жаз мезгілінде өңір оқушыларына да “Нұр әлем” сферасында ашық сабақтар өткізіледі.

Мадияр Қожахмет – облыс әкімінің орынбасары:


– Балалардың барлығы бірдей “Нұр әлем” сферасына барып көрмеген болар. Сондықтан әр балаға музейді аралауға мүмкіндік беру керек. Мектеп турларын ұйымдастыруға облыстық әкімдік, ЭКСПО-2017 ұлттық компаниясы және кәсіпкерлер палатасы ат салысады.

Бұл шаруаны іске асырудың амалдары облыстық әкімдік, Қазақстан туристік қауымдастығы және кәсіпкерлер палатасының өкілдері қол қойған меморандумда қарастырылған.

Берік Қасен