Спорт

Функционалды өрт сөндіру бойынша көпсайыс өтті

Биыл өртке қарсы қызметтің құрылғанына тура бір ғасыр толып отыр. Мерейтойға орай тілсіз жаумен күнде күресетін мамандар облысаралық функционалды өрт сөндіру бойынша көпсайыста күш сынасты. Аталмыш жарысқа Ақмола, Қостанай, СҚО, Астана қаласының ТЖД қызметкерлері және Көкшетау техникалық институтының студенттері қатысты.

Нұрлан Атығаев – облыстық ТЖД бастығының орынбасары:


– Барлығы 7 құрама жасақталған, әр топ 3 адамнан тұрады. Жаттығулардың дұрыс орындалуын СҚО, Астана қаласының ТЖД білікті мамандары, өрт сөндіру қызметінің ардагерлері, сондай-ақ, «Нептун» ойын-сауық кешенінің жаттықтырушылары бағалап жатыр.

Көпсайыс аясында мамандар ең алдымен бір демде 24 келілік гірді көтерді. Бұдан соң алып шинаны 20 метр қашықтыққа жылдам аударды. Сайыскерлерден 40 метрлік жең желісін «сегіздік» тәсілімен орау да талап етіледі. Тіпті, салмағы бір жарым тоннаға жуықтайтын автокөлікті 50 метрге сүйреу қажет.

Көпсайысқа қатысушылардың арасында жерлесіміз Руслан Ерденов те бар. Ол қырағылық пен асқан жауапкершілікті талап ететін салада осымен 2 жыл еңбек етеді. Кедергілер жолағын Руслан 3 минут 2 секундта бағындырып, рекордтық нәтиже көрсетті.

Руслан Ерденов – Петропавл қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының бас инженері:

 

– Біз үшін бұл жаңа спорт түрі. Бұл турнир біздің мамандығымызға аса қажет. Себебі, әр құтқарушы ең алдымен физикалық тұрғыда шымыр болуы тиіс. Жарыста жақсы көрсеткішке ие болғаныма қуаныштымын.

Көпсайыс қорытындысы бойынша жалпы­командалық есепте бірінші орынға Солтүстік Қазақстан облысының командасы қол жеткізді. Екінші орынға Қостанай облысының құрамасы ие болса, Астаналық құтқарушылар үздік үштікті тұйықтады.

Бахыт Садвокасов