Қоғам

Александр Липовой – 90 жаста

Мерейтой иесі залға кіргеннен-ақ, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Барлығымен қауышып, құттықтаулар қабылдауда. Зауыттықтар, аграрийлер, партиялық қызметкерлер мен үзеңгілес достары. Бұл Александр Липовойды танып, білетіндер мен еңбек еткендердің бір парасы ғана. Өйткені, ол түрлі салаларда еңбек етіп, өңір дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Александр Егорович ұзақ жылдар бойы теміржол, энергетика салаларында еңбек етті. Қалалық партия комитетін басқарып, білікті басшы болып, қызмет жасады. Облыс орталығының дамуына қосқан үлесі мол. Барлығымыздың есімізде. Әсіресе, үлкендердің.

Құттықтаудан соң, мерейетой иесінің иығына қазақы салтпен шапан жабылды. Александр Липовойға өзінің ізгі тілектерін жеткізуге Ресейдің жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті Анатолий Спицын да келген.

Анатолий Спицын – ЕАЭО Интеграциялық мәселелер институтының директоры, Ресейдің жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті:

–  Екеуміздің бірінші кездесуіміз әлі есімде. Ол кезде Александр Липовой қалалық атқарушы комитет төрағасының бірінші орынбасары болды. Мен бір мәселемен барғанмын. Сол кезде Александр Липовой бұйымтайымды дереу біржақты етті. Өз ісіне аса ұқыптылықпен қарап, шапшаң әрекет қылатын. Сонысымен есте қалды. Міне, содан бері қарым-қатынасымыз үзілген емес. Достығымыз әлі жалғасып келеді.

Александр Липовойдың жұмысқа ерекше тиянақтылықпен қарайтындығын оны құттықтауға келген өзге жандар да айтып өтті. Ал мерейтой иесі болса, өзін елеп, ескеріп жатқандарға алғысын білдірді.

Александр Липовой – еңбек ардагері, Петропавл қаласының құрметті азаматы, ҚР еңбек сіңірген энергетигі:

– Осы күнге жақсы көңіл күймен жетіп отырмын. Өйткені, өткеніме көз жүгіртсем, талай іс тындырыппын. Мен өзім Ресейдің Брянск облысының тумасы болсам да, Қазақстанды екінші Отаным деп санаймын. Бұл жер маған ерекше ыстық. Мұнда жолдама бойынша жас маман болып келгеніме биыл 70 жыл болыпты. Осы аралықта талай жерлерде еңбек етіп, өлкемді электр энергиясымен қамтуға үлес қостым. Әлі де өзім еңбек еткен мекемеде ардагерлер кеңесін басқарамын.

Тағы Александр Липовой спорт десе ішкен асын жерге қояды. Ол 90 жасқа келсе де, хоккей мен футбол ойындарын қалт жіберген кезі болмапты. Әсіресе, жергілікті «Құлагер» мен «Қызыл-Жар СК» командаларының белсенді жанкүйері.

 

Магжан Ахмадина