МТРА жаңалықтары

“Жасыл елдің” 14-ші еңбек маусымын бастады

Жуық арада бұл жастар өңірдің ормандары мен алқаптарында санитарлық тазарту жүргізеді, тағы шаһар аумағын абаттандыру жұмыстарын бастайды. “Жасыл елдің” 14-ші маусымы салтанатты түрде ашық. Еңбек жасақтарына биыл 665 теріскейлік қабылданбақ.

Асқар Баймұқанов – “Жасыл ел” облыстық штабының жетекшісі:

– Облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарма 30 млн. теңгеден астам қаржы бөлді. Жасылелдіктер өңірдегі орман шаруашылықтарына және абаттандырумен айналысатын өндіріс ошақтарына жұмысқа жіберіледі.

Тегін емес. Бұл игі ісі үшін әр сарбаз 50-ден 55 мың теңгеге дейін айлық алатын болады. Тек “Жасыл ел” сарбазы белсенді, жұмыс талғамайтын, ең бастысы табиғат жанашыры болуы тиіс. Тура Сергей Кламм сияқты. 11-ші сынып оқушысы үшін бұл – үшінші еңбек маусымы.

Сергей Кламм – “Жасыл ел” жастар еңбек жасағының сарбазы.

– Жұмыс керемет ауыр емес. Мәселен былтыр жағажайларды қоқыстан тазартық, пластик және шыны құтыларды жинадық, сондай-ақ қызыл судан жапа шеккендерге көмектестік. Жұмыс істеп жүріп жаңа жолдастар таптым, біраз қаражат жинадым. Биыл да бұл іске қуана кірісем.

Сергейдің бұл жұмыста біраз тәжірибесі болса, гуманитарлық-техникалық колледж студенті Гауһар еңбек жасағының құрамына биыл алғаш рет қосылмақ. “Жасыл ел” жайлы ол тек бір ай бұрын білген.

Гауһар Шәріп – “Жасыл ел” жастар еңбек жасағының сарбазы:
– Қиын жұмыстан қорықпаймын, шын көңіліммен көмектесуге дайынмын.

Қуантарлығы, бастама туған өлке табиғатының тазалығы мен әсемдігін сақтап, экологияны жақсартуды көздейді. Ал жалақы – жағымды бонус. “Жасыл елдің” сапында 16 мен 29 жас аралығындағы кез-келген жерлесіміз еңбек ете алады.

Саят Ермек – тілші:


– 13 жылдың ішінде “Жасыл елдің” жергілікті штабы 15 мыңнан астам теріскейлік жасты еңбекпен қамтыған. Өз кезегінде олар 25 мыңға жуық көшет отырғызып, 9 мыңнан астам алқапты күл-қоқыстан тазартқан. 14-ші маусымда абаттандыру жұмыстары одан әрі жалғасын таппақ.

 

Саят Ермек