Құқық қорғау органдары

Қазақша күрестен ішкі істер министрлігінің чемпионаты басталды

Палуандарды жоғары категориялы білікті төрешілер бағалайды. Ереже бойынша қатысушыларға 5 минут уақыт беріледі. Алғашқы болып боз кілемге Ақмола облысының палуаны Заңғар Сейіткешов пен Алматы облысының спортшысы Асқар Аязбеков шықты. Олар 80 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетуде. Заңғар Сейіткешов Көкше өңірінің Төтенше жағдайлар департаментінде 5 жыл қызмет етеді. Ал қазақ күресімен 10 жыл көлемінде айналысады екен. Сондықтан, жұмыстан бос уақытта өзінің сүйікті ісіне әрқашан уақыт бөледі. Сондықтан ол түрлі әдіс-тәсілдерді оңтайлы қолданып, қарсыласын оңайлықпен жауырынға тастады.

Заңғар Сейіткешов – сайысқа қатысушы, Ақмола облысы:

– Таза жеңіске жеттім. Қарсыласым мықты болды. Жалпы осындай сайыстарға жиі қатысамын.

Ал мына жерде жерлесіміз Батырхан Қайырбек пен Батыс Қазақстаннан келген әріптесімен белдесуде. Бұл жолы біздің палуанның асығы алшысынан түсіп, қарсыласынан басым түсті.

Жалпы шараға еліміздің әр облысынан келген 50-ге жуық спортшы қатысуда. Олар 80, 90 және 90-нан жоғары салмақтық дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтайды.

Қапез Дәулетбаев – СҚО ІІД бастығының орынбасары:

– Астананың 20 жылдығына орай Петропавлда қазақша күрестен ҚР Ішкі істер министрлігінің бірінші чемпионаты ұйымдастырылып отыр. Сайысқа 16 құрама қатысуға ниет білдірді. Тәжірибелі спортшылармен қатар, жарысқа қызмет пен спортты қатар алып жүрген жас палуандар күш сынасады.

Жүзден жүйрік шыққан палуанға ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың кубогы бұйырады.

 

Молдир Макишева