Балалар

Жастар қоқысты кәдеге жаратып отырған кәсіпорын жұмысымен танысты

Тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптайтын “ЛС Петропавловск” жеке кәсіпкерлігінің құрылғанына 5 жыл. Қазіргі уақытта кәсіпорын тұрмыстық және химиялық заттар, шыны бөтелке, қағаз-картондардың алуан түрін іріктеп, қайта өңдеуге жөнелтумен айналысады. Бүгін шағын бизнес субъектісінің жұмысымен танысуға жергілікті М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің магистранттары келді.

Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын орында қоқысты престеп, белгілі қалыпқа келтіретін арнайы қондырғылар орнатылған. Мәселен, мына автоматтандырылған құрылғы – тәулігіне 2,5 тоннаға дейін картон қағазды престеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, меймандарға осы кәсіпкерлікке жеткізілетін арақ-шарап бөтелкелерін өңдеу технологиясы да түсіндірілді.

Владислав Орлов – СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:


– Біздің басқарма өскелең ұрпақты қоқысты өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың жұмысымен таныстырып, экскурсия өткізіп отыруға ерекше мән беріп келеді. Алдағы уақытта жастарды облыс аумағында қызмет атқаратын 7 ұйымға апаруды көздеп отырмыз. Олар қоршаған ортаны аялап, қорғау керектігін жақсы түсінулері тиіс.

Кәсіпорынның қоқыс өңдеу технологиясымен толыққанды танысып шыққандардың қатарында СҚМУ-нің магистранты Айнұр Алиманова да бар. Нәзікжанды қоршаған ортаның жағдайын жақсартып, әрі кәсіптен нәсіп тауып отырған осындай кәсіпорындардың көп болғандығын құп көреді.

Айнұр Алиманова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ магистранты:


– Мұнда бізге тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, бөлек сұрыптау, престеу, техникалық үрдісті көрсетті. Жалпы мұндай зауыттар көбірек болса, біздің болашағымыз жарқын болмақ. Егер қалдықты өңдеу зауыттары әр ауданда орналасса, өте керемет болар еді.

Ұйымда тыңғылықты сұрыптаудан өткен түрлі қоқыс қалдықтары әрі қарай арнайы зауыттарға жіберілетін көрінеді.

 

Бахыт Садвокасов