Ауыл шаруашылығы

Сауыншылардың жұмысы жеңілдеді

Бүгінде “Дайындық” ЖШС-нде симментал, голштино-фриз тұқымды мал басын көбейтуге басымдық беріліп жатыр. Сондықтан, мұнда сүтті бағыттағы мүйізді ірі қараның төлдеріне алғашқы күннен бастап ерекше күтім жасалады. Бұзаулар жас ерекшелігіне байланысты таза сүт және түрлі дәруменмен азықтанады.

Мырзабай Бешімбаев – «Дайындық» ЖШС мал дәрігері:


– Бұзауларға 10 күн сайын екпе жасалады. Тышқақ, пастерелиоз, жөтел, қарасан, құтырма, сібір жарасына қарсы екпелер жасалынады.

Сиыр уызын ішіп жүрген бұл бұзаулар 2 айдан кейін өріске шығарылады. Барлығы «Дайындық» кәсіпорнындағы зеңгі баба төлдерінің саны 900-ден асқан. Соның 200-і сауын сиыр.

Қайрат Бекенов:

– Дойка екі жерде бар. Күніне 3 тонна сүт жинап, бәрін Көкшетау қаласындағы “Нәтиже” заутына жөнелтуде.

Заман ағымына ілескен серіктестік басшысы Біржан Шаймерденов мал шаруашылығына соны технологиялар енгізіп, қарамағындағы еңбеккерлерінің жұмысын жеңілдетуде. Барлығы, ол 32 адамға жұмыс берген. Фермада еңбектенетіндердің жалақылары жаман емес. Орташа 116 мың теңгеден айналады.

Біржан Шаймерденов – «Дайындық» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:


– Бұрын сауыншылар 4-5 сағат жүрсе, қазір 2 сағатта шаруаларын бітіріп, үйлеріне бара береді.

Фермадағы қондырғылардың дені шетелден жеткізілген. Сауыншылардың бұрынғыдай шелек көтеріп, белдері шойырылмайды. Мына орталықтандырылған сүт өткізгіш құбыры осы көктемде іске қосылыпты. Оның артықшылығын сауыншы Ирина Крючкова сезініп үлгерген.

Құбыр бойымен кеткен сүт сүзгіден өтіп, салқындатқыш танкерге құйылады. Мұндағылар әзірге сауын көлемі шамалы дейді. Өйткені, күн райына байланысты шөптің шығымы онша емес. Сондықтан, малдың аузы әлі көкке жеткен жоқ.
Келешекте «Дайындық» серіктестігі 1200 басқа арнап мал кешенін тұрғызбақшы. Қазіргі таңда құрылысшылармен келіссөздер жүргізілуде. Компания басшысы Біржан Шаймерденов малмен қоса егін шаруашылығын қатар алып жүр. Кәсіпкер алдағы маңызды науқанға сақадай-сай екен. Биыл 13 мың гектардың тең жартысына майлы дақылдарды себуді жоспарлаған екен.

Біржан Шаймерденов – «Дайындық» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:


–  Техника,тұқым бәрі дайын. Омбы облысынан жаңа тұқымдар әкелдік. Жақсы өнім аламыз деген ойымыз бар. Былтырғыға қарағанда биыл рапс, зығыр, жасымық сынды майлы дақылдарды көбірек өсіреміз. Оларға 40 пайыз жер қарастырылған.

Диқандар көктемгі дала жұмыстарына мамырдың 18-інен кейін кіріспекші. Маңызды науқанға 70 адамды тарталады.


Берік Қасен