Құқық қорғау органдары

“Балалардың жолдағы қауіпсіздігі” акциясы өтіп жатыр

– Жолды кесіп өтпес бұрын көліктің тоқтағанына көз жеткізіп алу керек.


– Қиылысқа келгенде велоспедтен түсіп, жасылдың жанғанын күтіп, жолды жаяу кесіп өту керек.

Бұл балақайлар жолдағы қауіпсіздік ережелерімен жақсы таныс. Оларды сұрақтың астына алған жергілікті полицейлер бұған көз жеткізді. Алайда велосипед тізгіндесін, не жаяу жүрсін – балғындардың көпшілігі қарапайым жол жарғыларын білмейді, ата-аналары да түсіндіріп бақпайды. Ал бұл білместік көп жағдайда жеткіншектердің жапа шегуіне әкеп соқтырады.

Әсемгүл Әлібаева, Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ ЖППБ штабының инспекторы:


– Балалардың көбі жақындап келе жатқан автокөліктің алдынан жүгіріп шығады, кейбірі көшеге жақын жерде ойнайды. Үшіншілері жолды белгіленбеген жерде, не бағдаршамның қызыл түсіне кесіп өтеді. Бұл балғындардың қатысуымен орын алатын жол көлік апаттарының негізгі себептері саналады.

Балаларды былай қойып, кей ересек жаяу жүргіншілердің өзі қарапайым ережелерді елемейді. Бұл акция мұндай жауапсыз жандарды, сондай-ақ жүргізіушілерді де қамтыды. Темір тұлпар тізгініндегілерге кішкентай балаларды арнайы креслоға отырғызып тасымалдау керектігі айтылды. Ал жаяу жүргіншілерге жадынамалар мен жарық шағылыстыратын таспалар табысталды. Себебі, жыл басталғалы Петропавлда жеткіншектердің қатысуымен 10 жол көлік апаты орын алған. Тең жартысына көшені белгіленбеген жерден кесіп өту себеп болған. “Балалардың жолдағы қауіпсіздігі” акциясы көктемнің соңына дейін жалғаспақ.

 

Саят Ермек