Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда 110 аула аббаттандырылады

Мына жолмен “Полет”, “Звезда”, “Путеец-2” бағбандық серіктестіктеріне баруға болады. Көктем келісімен осы учаскеде қатынау қиындайды. Жер езіліп, жағдайды жүк көліктері ушықтыратын көрінеді. Биыл бұл мәселе шешімін тапты. Жолдар грейдермен тегістеліп, қиыршық тастар төселуде.
Жұмыс барысын шаһар басшысы байқап, бағбандармен тілдесті. Марат Тасмағанбетов бар шаруа мамырдың 18-іне дейін тындырылып, автобустардың қатынауына рұқсат беріледі деді. Қала әкімі саяжайларда тазалықты сақтау қажеттігін де атап өтті.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:


– Саяжайларға апаратын жолдардың 80 пайызында қиыршық тастар жоқ. Биыл бұл мақсатқа қазынадан қаражат қарастырылмаған. Дей тұрғанмен, біз амалын тауып, биыл 10 саяжайдың жолдарын дұрыстаудамыз. Осыған байланысты кейбір бағыттағы саяжай автобустары бірнеше күнге кешігіп шығады.

Бұдан кейін Марат Тасмағанбетов Ы.Алтынсарин көшесі, 4 және Амангелді 1 А мекен жайларының тұрғындарымен кездесті. Аталған үйлердің аулалары аббаттандырылуда. Балалар алаңқайы орнатылып, енді, міне аулаішілік жолдар жөнделуде.

Галина Жорник – Амангелді көшесі, 1 А үйдің тұрғыны:


– Аулаларда ойын балалары көп. Өтінішімізді жерге тастамағаныңызға
рахмет. Салынған алаңқай көңілімізден шығып отыр
.

Осы күні Марат Тасмағанбетов Алтынсарин, 172 мекен жайына да соқты. Мұнда да алдағы уақытта аулаішілік жолдарға орташа жөндеу жүргізілмек.

Зейнола Мұхаметжанов – Бөкетов көшесі, 30-үйдің тұрғыны:


– Асфальт төселетін болды. Қуаныштымын.

Елена Шершнева – “Алтынсарин, 172” ПИК төрайымы:


– Маңайымызда қаңғыбастар көп жүреді. Көрші аулаға балаларымызды жіберуге қорқамыз. Мен бүгін қала әкімінен бұл жағдайды шешіп беруін сұрадым. Марат Тасмағанбетов мәселені жергілікті полиция қызметімен бірлесіп қарастырамыз деді.

Биыл облыс орталығында барлығы 110 аулаішілік жол қалпына келтірілмек.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:


– Биыл облыс қазынасынан 600 млн теңге бөлінді. Осыншама қаражат аулаларды қалыпқа келтіруге бағытталады. Биыл 37 балалар алаңқайын орнатамыз. Әлі де халықтан өтініштер көптеп түсуде. Облыстық мәслихаттың сессиясында бұл сұрақ кезекті рет қаралып, балалар алаңқайын салуға қосымша қаражат бөлінуі мүмкін.

Сондай-ақ, үстіміздегі жылы С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның жанындағы гүлзар жаңғыртылуда. Мұнда “Благоустройство север” серіктестігі жалпы аумағы 1 972 шаршы метрге кеспе тастар төседі. Енді бұл жерге жасыл желектер отырғызылмақ.
Сәл әріректе, яғни Бөкетов және Жамбыл көшелерінің қиылысында оң жақ бұрылыс жасалуда. Себебі, бұл маңда көліктер кептелісі жиі орын алады.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:


– Осындай жұмыстар Абай-Әуезов, Интернационал-Әуезов, Чайковский-Әуезов және Уәлиханов-Хименко көшелерінің түйіскен жерлерінде де атқарылады. Яғни, қиылыстардың оң жағына бұрылыстар салынады. Бұл шаралар қаладағы көлік кептелісін азайтуға септеспек.

Облыс орталығында болып жатқан өзгерістерге тұрғындар дән риза.

Бұдан өзге көпқабатты тұрғын үйлер мен ғимараттардың қасбетін әрлеу жұмыстары одан әрі жалғасады. Ал, көше бағаналарына электр қуатын үнемдейтін заманауи шамдар орнатылады.

Берік Қасен