Балалар

Аква және гидропоника кабинеті

Әдетте жеткіншектер қоршаған орта, өсімдік және жануарлар әлемінің қыр-сыры жайлы мектеп қабырғасында біле бастаса, «Алтын бесік» балабақшасының балғындары бұның барлығын 4 жасынан меңгереді екен. Бұл – аква және гидропоника кабинеті. Бүлдіршіндер мұндағы өсіп тұрған барлық көкеніс және гүлдермен жақсы таныс. Бұдан бөлек, аквариумдағы балықтар туралы да кез келген мейманға баяндап бере алады.

Зере Жантасова – «Алтын бесік» балабақшасының тәрбиеленушісі:


– Бұл аквариумды 3 пиранья мекендейді. Ол көкөніс пен жаңғақ жейді.

Әрбір аквариумды түрлі балық мекен етеді. Оларға берілетін қорек түрі де әр түрлі. Ал, ең қызығы бұл су асты жануарларының гүлдерге тигізер пайдасы зор. Аквариум үстіне өсімдіктер орналастырылған. Оларға су құюдың қажеті жоқ. Балықтардың қалдығы мұндағы тіршілік көзін қажетті құнарлы элементтермен байытады. Бұл судың айналып, өсімдіктерді керек ылғалмен қамтамасыз етеді. Осындай жүйе бойынша мұнда сәлемшөп, сингониум мен пияз өсіріледі. Соңғысын балалар тамаққа пайдалану үшін күтіп-баптайды.


Өсіп-жетілген пиязды бүлдіршіндер балабақша аспазшысына тапсырады. Бұл мақсатта лабораторияда тағы қияр мен қызанақ өсірілуде. Көкеністерді отырғызу және баптау әдісі мүлдем басқа. Гидропоника жүйесі өсімдіктер тамырының су ішінде тұруын қарастырады. Табиғи таза өнімге қол жеткізу үшін оны дұрыс отырғызу қажет.

Тәрбиешілерінің сөзінше мұндағы сабақтарды балғындар асыға күтеді екен. Ал, бірақатары болса келешекте сүйікті ісімен одан әрі айналысуды қалайды.

Санжар Әбутәліп – «Алтын бесік» балабақшасының тәрбиеленушісі:


– Мен балабақшаға 3 жыл барып жүрмін. Маған ұнайды. Біз гидропоникада салат жапырағын, қызанақ пен қияр өсіреміз.

Гидропоника жүйесінде өсімдіктік тамыры сұйық тыңайтқыш қосылған жаңбыр суымен суарылады. Бір сағат тіршілік көзінде тұрғаннан соң, жүйе электр тоғынан өшіріледі. Сонда құбырлардағы барлық су 20 минутқа қайта мына ыдысқа құйылады. Ал, бөлменің келесі бөлігінде ақылды егіншілік бойынша салат жапырағы мен түрлі гүлдер өсірілуде. Бұл да қарапайым құбырлардан жасалған. Тігінен орналастырылған «құрылғы» арқылы суару да өте оңай. Жалпы, аталған жүйелердің барлығы еңбек күшін үнемдеп, жасыл технологияларды іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді. Топыраққа қосылатын тыңайтқыштарды да бүлдіршіндер өздері жасайды. Жалпы, бұндай бастаманы балабақша мамандары өткен жылдан бері қолға алыпты.

Мадина Дарбаева – «Алтын бесік» балабақшасының директоры:


–  Қазан айында ұжымымыз үлкен республикалық сайысқа қатысты. Оның арқасында қазір бізде аква және гидропоника кабинеті жұмыс істеуде.

Лабораториядағы сабақтар аптасына 2 рет өкізіледі. Балалар мұнда шағын топтарға бөлініп жұмыс істейді екен. Бұл әдіс оларға барлық қажетті ақпаратты жеткізуге мүмкіндік береді.

Эльмира Садвокасова