Жыл басынан өңірде 220 өрт фактісі тіркелді

ТЖД

15:24 16 Мамыр 2018

Өңірде жыл басынан 220 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл – былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға жоғары. Салдарынан, 16 солтүстікқазақстандық көз жұмып, тағы 11-і жарақат алған. Ал, тілсіз жаудың әкелген материалды шығыны биыл 5 есеге артып, 57 млн. теңгені құрады. Өрт оқиғаларының дені тұрғын үй секторында орын алған. Бұған тиісті ережелерді қадағаламай, пеш пен электр құрылғыларын дұрыс пайдаланбау себеп болыпты.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:


–  Екінші орында өндірістік, ауыл шаруашылығы және қоғамдық нысандарда орын алған өрт оқиғалары тұр. Олардың келтірген шығыны барлық соманың жартысынан көбін құрайды. Мәселен, «Кристалл» ойын-сауық кешеніне келген материалдық шығынның өзі 30 млн-ға жеткен. Қызыл жалын- монтаждау тәртібін бұзып, электр құрылғыларын пайдаланудағы техникалық ережені сақтамаудан туындаған. Бұндай төтенше жағдайлардың алдын-алу үшін жыл сайын тиісті тексерістер жүргіземіз.

Бүгінгі таңда 39 ойын-сауық кешенінің 38-інде тексеріс жүргізіліпті. Оның барысында мамандар ереже бұзудың 458 өрескел фактісін анықтапты. Облыстық ТЖД бастығының сөзінше, бүгінде бірқатар кәсіпкерлер нысандарды тез бірақ сапасыз тұрғызып жатыр.
Кейін жиында орман және дала өрттері сөз болды. Кей аудандарда әлі де тасқын су тұрса, өзгелерінде қураған шөптің жану фактілері тіркеліпті. Қызыл жалынның 3 оқиғасы осылайша жалпы аумағы 1,67 га жасыл желекті шарпыған. Сондықтан да орман мен алқаптарға отты тигізбеу үшін жерді жырту жұмыстарын дереу бастау қажет. Әзірге, тек республикалық маңызы бар 750 шақырым жолдардың тек 300 ге жуық киллометрінде тиісті шаралар жүргізіліпті.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:


–  Ауыл шаруашылығы алқаптарында биыл 180 өрт оқиғасы тіркелген. Оларды уақытында сөндіру үшін елді мекендерде арнайы бекеттер мен еріктілер тобын құру қажет. Алайда, соңғыларының өзі қызыл жалын бола қолғанда сөндіруге құлық танытпайды. Бұндай факті Айыртау, Қызылжар мен Жамбыл аудандарында анықталып отыр.

Өткен жылы өңірде 24 адам суға батып кеткен, олардың 3-еуі балалар. Сол себепті бұл бағыттағы жұмысты да күшейту қажет.

Нұрлан Бүркіталин – СҚО мобильдік даярлық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы:


–  Соңғы 5 жылда су қоймаларында 155 адам көз жұмған. Жылдан-жылға мұндай фактілер азайып келеді. Әдетте, тұрғындар қауіпсіздік ережелерін ескермей, ішімдікке тойып алып суға түседі. Жалпы, биыл әкімдіктің бекітуімен облыс бойынша шомылуға арналған 51 орын белгіленді.

Халық қауіпсіздігін жағажайда қамтамасыз етуге келгенде де Айыртау және Жамбыл аудандары аутсайдерлер қатарынан табылды. Соңғысында бірде-бір шомылуға арналған орын жоқ екен. Бұған қарамастан аудан тұрғындары, демалыстарын су қоймаларында өткізеді. Тиісті жабдықпен қамтамасыз етілмеген бұл жерлерде өткен жылы 2 адам көз жұмған. Өңіріміздегі туризм дамыған Айыртаудағы жағдай да мәз емес.

Антон Федяев – СҚО әкімінің орынбасары:


–  Сіздің аудандарыңызда демалыс орындары көп. Туристер келгенде сол жаққа ағылады. Сол су қоймаларына жауап беретін жеке кәсіпкерлеріңіз қайда қарап отыр? Неге жағажайдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етпейді? Бұл шаруаны бақылауға алыңыздар.

Бұндай тапсырма басқа аудан әкімдеріне де жүктелді. Тағы облыс басшысының орынбасары Антон Федяев орман және дала алқаптарында өрт оқиғаларының алдын-алуды ескертті.

Эльмира Сәдуақасова

Бұдан әрі оқыңыз

Петропавлда 5 қабатты үйден от шықты
54 жасар азамат тілсіз жаудан көз жұмды
Ғимарат ішінен күдікті пакет табылды
Мұздай судың ішінде 10 сағат бойы тұрған балықшы құтқарылды
Өңірде өткен аптада 12 өрт оқиғасы тіркелді
Өңірде өткен аптада төтенше жағдайдан 2 тұрғын көз жұмды
Бүгінгі күннің батырлары
СҚО-да 8 жастағы бала суға батып кетті
Айыртау ауданында 1 адам суға батып кетті