Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жаңа ықшам аудан тұрғызылып жатыр

Солнечный кентінің маңындағы бұл кең алқап бұған дейін бос тұрған еді. Жергілікті биліктің бас болуымен қазір мұнда жаңа ықшам аудан бой көтеріп жатыр.

Саят Ермек – тілші:


– Құрылыс жұмыстары мұнда өткен жылдың тамыз айынан бері жүргізіліп келеді. Қазір мұнда 72 жер үйдің қабырғасы қаланып жатыр. Баспаналардың кілті “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасына қатысатын жерлестерімізге табысталмақ.

Тапсырысты “Зерттеуші-СК” құрылыс компаниясы орындап жатыр. Нысанда 60 құрылысшы еңбек етуде. Бүгінде болашақ 72 баспананың іргетастары дайын. 66-сының қабырғалары көтерілген, 64-інің шатыры салынған, ал 37-сінің едені төселіпті.

Дмитрий Бокарев – “Зерттеу-СК” ЖШС директорының орынбасары:


– Жұмыстың 70 пайызы тәмам. 47 үйге пластикалық терезелер орнатылып, 20 баспананың іші жөнделді. Бүгінге дейін қаражаттың 304 млн-ын игердік. Құрылыс материалдарының дені отандық, бізде жоғын шетелден әкелдік.

Үйлердің қабырғалары қарағай бөренелерінен көтерілген, ал шатыры қаңылтыр черепицадан. Баспана теріскейдің ызғарлы климатына төзімді болады дейді мердігер. Сондай-ақ, мұнда орталықтандырылған су құбыры мен жарық тартылады. Үйлер пешпен жылытылады. Әр жер үйдің көлемі 84 жарым шаршы метр, тағы қосымша 10 соток жер телімі де беріледі. Бұл – дайын баспананың келбеті. 72 үйдің бәрі осындай біркелкі болмақ. Жоспар бойынша әдемі әрі жылы жер үйдің маңы қоршалады, аула абаттандырылып, ағаштар отырғызылады.

Саят Ермек – тілші:


– Бастапқы жоба бойынша үйдің сырты тек әктеліп, бір түске боялуы тиіс еді. Бірақ жобаға бірнеше өзгерістер енгізілген. Енді 72 үйдің әрқайсысы мынадай технониколь атты материалмен қапталатын болады. Ол ылғалға да, суыққа да төзімді. Бұл материал қазақстанда өндірілмейді, сондықтан ол Ресейден арнайы әкелінген.

Мына баспана осындағы жағдайды келіп көремін дейтін потенциалды клиенттер үшін ертерек салынып, әдейі жиһаздалған. Ал жалпы, үй жиһазсыз беріледі , алайда, ішіндегі бөлме есіктері, қабырғалар, плинтустар мен батареялар – бәрі осындағыдай болмақ. Жуынатын бөлме де қажеттінің бәрімен жабдықталады. Алғашқы баспана үстіміздегі жылдың қазанында кезекте тұрған жерлестерімізге тапсырылады.

Жомарт Еркін – Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:


– Баспаналар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы беріледі. Шаршы метрінің құны 120 мың теңге. Бұл үйлер біркелкі, әрі іші-сырты әдемі әрленгендіктен баға осындай.

Мұнда тағы 67 жер телімі бөлініп қойған. Бұл аумақтарда өзге мердігер өз үйлерін тұрғызып жатыр. Жалпы мемлекеттен жер алып, үй саламын дейтін жерлестеріміздің саны соңғы екі жылда 3 мыңға артқан. Осылайша, бүгінде 9 мыңнан астам петропавлдық жер кезегінде тұр.

Саят Ермек