Білім

Жалпыұлттық ата-аналар жиналысы өтті

2-ші мәрте өткен ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы биыл халықаралық отбасы күнімен сәйкес келіп отыр. Маңызды жиынға ата-аналар қауымы белсенді қатысты. Өйткені олар бұл іс-шарада өздерін мазалап жүрген сауалдарға мардымды жауап ала алады. Сондай-ақ, әке-шеше үшін өз бүлдіршіндерінің оқу жетістіктерімен жылдық қорытынды баға шықпай тұрып, танысу мүмкіндігі туды.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:


–  Ата-аналар мен мектептің арасындағы байланыс негізінде педагогтар, психологтар, әлеуметтік педагогтар оқушыларға өзінің қызметі ретінде көмек жасай алады. Бүгінгі жиналыста жаһандану мәселесі, білім саласындағы өзгерістер, жаңартылған білімге көшу, 3 тілділік мәселелері көтеріледі. Облыс бойынша 3800-ден астам оқушы жалпы білім беру мектептерді тәмамдайды. Мектеп түлектерінің 71 пайызы ҰБТ-ға қатыспақ.

Бүгінгі отырыста қалалық мектептердің ата-аналары білім ошақтарындағы қамқоршылық кеңестері, демеушілік және қайырымдылық туралы да сөз етті.

Диана Алиева – қамқоршылық кеңесінің төрайымы:


–  Өз тарапымнан, қамқоршылық кеңесінің пайдасы жайлы айтқым келеді. Бұл ұйым 2016 жылы ата-аналардың бастамасымен құрылған болатын. Аталмыш кеңестің мектептегі қаржылық, материалды-техникалық мәселелерді шешудегі рөлі зор.

Бұдан бөлек, ата-аналар ұл-қыздарының түлектер кешін сөз етті. Биыл өңіріміздің 11-сынып оқушылары бұл тойды шағын етіп атап өтуді жөн көріп отыр. Жалпы бұл күні облысымыздың 497 білім ошағында жиналыс өтіп, оған ата-аналар қауымының 80% қатысты.