Қоғам

Республикалық байқауға өтініш қабылдау жүріп жатыр

Елімізде республикалық “Алтын сапа” байқауы 2006 жылдан бастап өткізіліп келеді. Сол уақыттан бері Президенттің жүлдесі отандық 100 өндіріс ошағына табысталыпты. Мұндай жоғары деңгейдегі марапатты былтыр “Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын” аталымында Николай Ерохин басқаратын “AVAGRO” ЖШС иеленді. Жергілікті өндіріс ошағы жиырма жылдан бері егіс алқаптарына дәрі бүріккіш техника шығарып келеді.

Николай Ерохин – “AVAGRO” ЖШС директоры:


– Біздің кәсіпорынның екі негізгі міндеті бар. Ол – сапалы өнім шығару және жұмысшыларға қолайлы жағдай жасау. Менің қарамағымда 50 адам қызмет етеді. Былтыр үй салып, сол жұмысшыларымның 30 пайызын пәтермен қамтыдым. Жылына 300-дей техника шығарамыз. Біздің тауар Қазақстан да ғана емес Ресейде де танымал. Жиі сатып алады. Байқау қазылары осы істерімізді назарға алған болар, Президенттің жүлдесіне ие болдым. Бұған өте қатты қуандық.

Осыған дейін айтулы конкурс жүлдегерлері 3 аталым бойынша марапатталып келді. Ал биылдан бастап 4 номинацияда жеңімпаздар анықталатын болады.

Евгений Мамыкин – СҚО Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:


– Бұған дейін кіші, орта және ірі кәсіпорын субьектілері “Халық үшін тауар шығаратын үздік кәсіпорын”, “Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын” және “Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын” номинациясы бойынша марапатталды. Енді, іскер азаматтар “Азық-түлік тауарларын немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін үздік кәсіпорын” аталымы бойынша да сынға түседі. Сонымен қатар, байқау аясында бизнесмендер “Үздік индустриалдық жоба” мен “Үздің инновациялық жоба” атты арнайы жүлделерге ие болады.

Тағы, биылдан бастап “Алтын сапа” байқауын өткізу барысында да өзгерістерін орын алды. Енді, конкурс бұрынғыдай 3 емес, 4 кезеңнен тұратын болады. Жаңа қосылған этапта білікті сарапшылардан құралған комиссия ақтық сынға жолдама алған өндіріс ошақтарына арнайы барып, кәсіпорынмен танысады. Бұдан бөлек, осы байқаудың аталымдарына ие болған жеңімпаздарға 1 млн теңгеден артық сыйақы беріледі. Айта кетейік, азғантай өзгертулер “Қазақстанның үздік тауары” конкурсында да болды.

Евгений Мамыкин – СҚО Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:


–  Бұрындары бұл конкурс жеңімпаздары бірінші, екінші және үшінші дәреже бойынша анықталып келді. Енді, әр 3 аталымда үш үздіктен анықталмақ. Тағы, байқауға қосымша кезең қосылды. Енді, тұтынушылар өздерінің көңілінен шыққан кәсіпорынға онлай-дауыс бере алады. Мұндай қолдау финалға шыққан 27 өндіріс ошағына ғана көрсетілетін болады.

Ақтық сынға жолдама алу үшін кәсіпорын 6-шы шілдеде өңірлік байқауға қатысуы керек. Одан үздік атанып, 12-ші – 13-ші қазанда өтетін республикалық сынға қатысады. Міне, дәл осы кезеңде онлай-дауыс беру жүргізіледі. Ал қос конкурстың жеңімпаздары желтоқсан айында анықталатын болады.

Байболат Култанов