Қоғам

Петропавлда ІІІ қайырымдылық балы өтті

Саят Ермек – тілші:


– Осымен үшінші рет теріскейлік кәсіпкерлер, өңірдің ауқаттылары мен мецценаттары және белсенді азаматтар қаладағы іргелі мейрамханалардың бірінде бас қосып отыр. Тек ішіп-жеп, көңіл көтеру үшін емес. Қайырымдылық жасап, қалтадағы қаражатты мұқтаждарға беру үшін. Үшінші қайырымдылық балы бірнеше сәттен кейін бастау алады. Әзірге қонақтар жиналып жатыр.

Бақытжан Самиева – «Іскер әйелдер қауымдастығы» ҚҰ төрайымы:


– Бүгінгі қайырымдылық кеш өте қажет нәрсе. Жүрегіміз ашылу керек. Сондай көңілмен келіп отырмын. Лоттарды қарап шықтым, іскер әйелдер қосылып, бір зат алу ойымызда бар.

Балды облыстық ҚХА мен “Қоғамдық келесім” бірлестігі ұйымдастырды. Биылғы формат – маскарад. Игі шара тағдыр тауқыметін кешіп отырған үш балғынға жәрдем беруге ниетті 300-ге жуық жомарт жанның басын қосты. Меймандардың арасында Елордадан арнайы келген ҚХА төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко мен облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет те болды.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:


– Әкімдік бұл бастаманы қолдайды. Ұйымдастыруға шамамыз келгенше көмектестік.

Биылғы қайырымдылық балы өзге екуінен ерекше. Ұйымдастырушылар меймандарға бірнеше тосын сый әзірлепті.

Саят Ермек – тілші:


– Міне, бүгінгі балдың жаңашылдығы – кішкентай дебютанттар. Қазір 5-7 жас аралығындағы балғындардан құралған 47 жұп қонақтар үшін вальсте шыр көбелек айналып жатыр.

Әдемі әрі нәзік. Бүлдіршіндер вальсті осылай билеп шықты. Композицияны балғындар 1 айдың ішінде дайындаған.

Кейін өз өнерлерімен қонақтарды жеткіншектер қуантты. Ақ көйлектегі қыздар, қара смокинг киген бозбалалар вальс билеп, залды өткен ғасырдағы венециялық балдың атмоферасына бөледі. 4 айлық дайындық зая кетпеді, жиналғандар дән риза.

Әлия Баржанова – дебютант:


– Өте қатты қобалжыдық. Алайда, шара жақсы өтіп, балғындарға көмек көрсетсек өте жақсы болады.

ІІІ қайырымдылық бал – Владислава Головырина, Карина Баймолдина мен Әмір Ғабдуллинның отбасына ақша жинау үшін ұйымдастырылған. Бөбектерге жәрдемдесемін дейтін жомарттар арнайы аукционға қатысып, бағалы-бағасыз заттарды сатып алды.

Саят Ермек – тілші:


– Аукционға жалпы есепте 30 лот қойылған. Оның ішінде тұрмыстық заттар, картиналар және зергерлік бұйымдар бар. Ал аталмыш қайырымдылық шарасына Жанат Жақиянов, кәсіпқой боксшы, өзінің формасын ұсынған, ал Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев өзінің футболкасын берген. Олардың бастапқы бағасы 50 мың теңге.

Залда талас-тартыс. Лоттар ондаған тіпті жүздеген мың теңгеге кезек-кезек сатылып жатты. Мәселен, Айыртау ауданынан келген кәсіпкер Сәуле Адамова қолдан жасалған мына ілмекті отандық валютаның 100 мың бірлігіне ойланбастан сатып алды.

Сәуле Адамова – кәсіпкер, Айыртау ауданы:


– Мәселе ақшада емес. Менің екі немерем бар. Олар ауырса, өзім де ауырамын. Балалар ауырмасын, олар күліп ойнап жүрсе, біз де қуанамыз.

Серік Сәпиевтің футболкасы 250 мың теңгеге, А. Винокуровтың автобиографиясы 100 мыңға, ал жергілікті “Құлагер” хоккейшілерінің имек таяғы 250 мың теңгеге сатылып кетті. Осылай жалғастыра берсең, тізім ұзақ. Ал, басты лот – боксшы Жанат Жақияновтың формасы 800 мың теңгеге өтті. Ол енді “Семейный” сауда желісінің иесі Андрей Исаков пен оның жарына тиесілі.

Андрей Исаков – “Семейный” сауда желісінің директоры:


– Бұл ақша бөбектерге көмек беріп жатса, біз шын көңілмен қуанамыз. Карина, Әмір мен Владиславаға денсаулық тілеймін, тезірек айығып кетсін. Ал мұндай игі шараға бас болып жүрген жандарға айтар алғысым шексіз.

Кейін әр мейман жәшікке қаражат салды. Жалпы, балға жиналған қолы ашық теріскейліктер 4 млн 632 мың теңге жұмсаған. Бар қаражат Әмір, Владислава мен Каринаның еміне жұмсалмақ.

Әсемгүл Әлқожа – “Қоғамдық келісім” КММ жетекшісі:


– Меценаттарға, бизнесмендерге алғыс білдіреміз. Олардың саны жыл санап артып келеді.

Биылғы балда былтырғыдан 1,5 млн теңгеге артық қаржы жиналды.

Саят Ермек