Балалар

Жас құтқарушылардың сайысы өтті

Сайыс басталмас бұрын балаларға арналған сергіту сәті өтті. Олар түрлі қимылдар жасап, флешмоб биледі. Сөйтіп, жарыс алдында бір көңілденіп қалды.
Бұдан кейін сайыстың кезегі келді. Алғашқы эстафетада балалар ойыншықтарды оттан тез арада алып шығулары тиіс. Барлық командалар бар күштерін салып, тырысуда.

Залға жиналған көрермендер қатысушыларға ерекше қолдау көрсетті.

– Жас құтқарушылар сайысына Қызылжар ауданынан жиналған 4 команда қатысуға ниет білдірді. Әр құрамада – 6 ойыншыдан. Қазір олар құтқарушыларға тән қаситтерін паш етуде.

Санжар Мурзали өскенде құтқарушы боламын дейді. 10 жасар жеткіншек ер жүрек манман иелерінің қоғам үшін маңыздылығын қазірден-ақ жақсы біледі.

Санжар Мурзали – сайысқа қатысушы:

– Құтқарушылар оқыс оқиға орын алған уақытта адам өмірін құтқарады. Бұл – нағыз ер жүректердің мамандығы деп есептеймін. Сондықтан, қазірден бастап спортпен шұғылданамын. Жазда футбол ойнаймын, суда жүземін және жеңіл атлетикамен айналысамын.

Жалпы сайыс 7 кезеңнен тұрады. Оған мектеп оқушылары мен мұғалімдер де қатысты.

Данияр Калелов – Қызылжар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері:

– Биыл бұл сайысты Бескөл ауылында өткізуді жөн көрдік. Шараның мақсаты – балаларды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақыру. Себебі, жаз мезгілі жақындап қалды. Ал, бұл кезде оқыс оқиғалар жиі орын алады. Мәселен, өткен жылы Қызылжар ауданы бойынша 4 бала суға кетті. Мұндай жайттардың алдын алу үшін осындай шараны жыл сайын ұйымдастырып тұрамыз.

Сайыстың соңында Бескөл 2-ші орта мектебінің “Комета” құрамасы жеңімпаз атанды.

Молдир Макишева